Ұйымдасқан қылмыстық топ 486 көлікті заңсыз тіркеп, бюджетке 1 млрд теңгеге залал келтірген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласының прокуратурасымен бірлесіп, шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз жолмен тіркеп келген "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының қызметкерлері мен басқа да азаматтарды анықтады. Әрбір автокөлік үшін заңсыз қызметтің құны 400 мың теңгеден 1 жарым млн теңгеге дейін болған. Бұл іске ішкі істер органдарының инспекторларының да қатысы бар.
Арман ТІЛЕУКЕНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Сот санкциясымен төрт полиция қызметкері қамауға алынды. Азаматтардың мемлекеттік баж салығы мен төлемдерін төлеуге арналған қаражатын күдіктілер ұрлап, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Бүгінгі күні іс бойынша қылмыстық топтың тағы 4 белсенді қатысушысы, оның ішінде Астана қаласы бойынша №2 Арнайы ХҚКО басшысы ұсталған. Тергеу жалғасуда.
Бұған қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жауап берді. Мекеме қызметкерлері тек құжаттарды қабылдауға жауапты делінген онда. Олар, келіп түскен құжаттардың растығына құқықтық сараптама жүргізбейтінін алға тартып отыр.
«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» КЕ АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері құжаттардың толық пакетін қабылдауға ғана жауапты және құжаттардың түпнұсқалығын анықтау бойынша құқықтық талдау жүргізбейді. Осылайша, мемлекеттік корпорация қызметкерлері көлiк құралдарының кейбiр түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу қағидаларына сәйкес көлік иелерін тұлғалық сәйкестендіру арқылы құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады. Ал мемлекеттік орган қызметкерлері өтініштерді қабылдауға және олардың заңдылығын тексеруге жауапты.
Қ. Мерей