Ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді. Министрлер кабинетіне ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп арылтып, кірісті молайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы үкіметке тағы қандай тапсырмалар жүктеді? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.
Ұлттық қордың кірісі көңіл көншітпейді. Соңғы 10 жылда жылдық табысы- 1,6 пайыздан аспаған. Бұл Сингапур, Норвегия сынды елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл -қорға жауаптылардың тимсіз жұмысын байқатады деді Президент. Сондықтан Ұлттық банкке үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырды. Өйткені келер жылы қордың жарты табысы елдегі балаларға үлесітіріле бастайды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі" деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі мәселелердің бірі -несие екенін атап өтті. Халық бір несиені жабу үшін, екіншісін алуға мәжбүр болып отыр деді. Бұл алаңдатарлық жағдай екенін айтты. Сондықтан кепілсіз алған несиесін 90 күннің ішінде төлей алмағандарға кредит беруді тоқтату қажет деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде проблемалық несиелердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Бір миллионнан астам адам өз міндеттемелерін өтей алмай отыр. Олардың көбі үмітсіздікке ұшырап, ескісін жабу үшін жаңа несие алуға мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Жеке тұлғаларды оңалту және банкрот туралы" заң жұмыс істеуі керек.
Сонымен қатар "кепілсіз онлайн микрокредитті де қатаң реттеу қажет". Кейбір мемлекеттерде бұған толығымен тыйым салынған. Осыны зерттеу қажет деді Мемлекет басшысы. Елдегі екінші деңгейлі банктер несиені көбіне бизнестен гөрі, жеке тұлғаларға бергенді жөн көреді. Президент екінші деңгейлі банктерге салық салу мәселесін ұсынды. Мұны белгілі экономист Мақсат Халық құптарлық жағдай деп отыр. Егер ұсыныс қолдау тапса, бизнеске жол ашылар еді дейді.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Ұлттық банктің ноталары арқылы екінші деңгейлі банктер өте көп табыс тауып отыр деген ұсыныс болды. Сондықтан бұны азайту үшін, біз сол екінші деңгейлі банктерге салық саламыз. Нотадан табыс тапқаны үшін деген ұсынысы маған ұнап отыр. Неге өйткені қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер бизнесті қаржыландырғаннан көрі көбінесе халықты қаржыландырады, жеке тұлғаларды көп қаржыландырады.
Мемлекет басшысы, азық-түлік мәселесінен де айналып өтпеді. Себебі жылдық инфляция 24%-дан асқан. Ал керісінше, халықтың табысы соңғы бес жылда ең төменгі өсу қарқынын көрсетіп отыр. Сондықтан Президент бұл саладағы басты құжат "Халықтың кірісін арттыру бағдарламасы" екенін атап өтті. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов келер жылдың бірінші тоқсанында инфляция шарықтау шегіне жетеді деп мәлімдеді. Сондықтан сарапшылар, халыққа барынша үнемшіл болу керек дейді.
Б. Сатуов