Русский Сайттың толық нұсқасы

Ішімдікке сылқия тойған әйел кішкентай баласын үйден қуды

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2022
  • 1378

Елімізде ішімдікке тәуелді әйелдер саны екі есеге өсті. Сорақысы сол, олардың арасында әлі бала көтермеген бойжеткен көп. Олар бесік тербетіп емес, бөтелке көтеріп жарысып жүр. Араққа әуес арулар неге көбейіп кетті? Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Күйеуім ішкіш болды. Сонымен алысып жүріп, өзімнің қалай ащы суға тәуелді болғанымды байқамай қалдым. Бөтелкемен дос болған көп әйел осы сылтауды айтады. Өмір шаршатты деп, шырмауға қалай түскенін байқамай қалады. Көңілін көтеремін деп, одарн әрі құлазиды. Соңында бейкүнә балалар жапа шегеді.

Әлеуметтік желіде тараған бұл видео жаға ұстатты. Араққа сылқия тойған ананың жауапсыздығынан үлкен ұлы құлап, қолын шығарып алған. «Ауырып барады» деп шығырылдаған баласына мән беруге шамасы жоқ әйел, бейкүнә балапанды үйден қуып әлек.

Бұл - бөбегінен бөтелкесін артық көріп, қос сәбиін өзектен тепкен ананың жәйі. Елімізде мұндай жағдай жетерлік. Өмірдің ащы тұсын балалығынан татып келе жатқан балапандардың болашағына алаңдап жатқан ана жоқ. Есесіне, маскүнемге айналған анасын ішімдіктен қалай құтқарам деп шыр-пыр болған бала көп.

Соңғы екі жылда ішімдікке әуес әйелдер саны артқан. Дәрігерлер бұрын келген науқастың 70%-ы ер адам болса, оның 30%-ын әйелдер құрайтынын айтты. Ал қазір ащы су тұтынатындың 60%-ы - ерлер, 40%-ы - әйелдер.

Тоқтар ҚОЙШЫБЕКОВ, НАРКОЛОГ:

Қыздардың, қыз-келіншкетердің саны 2,5, 2 есе жоғарылады. Сондықтан ол өте қауіпті. Неге десең, бұл мәселе көбінесе 28-30 жастағы қыз-келіншек ол ұрпақ көтереді бірнеше. Ол ұрпақ қандай болады? Қазақстан бойынша есепте 100 мыңдай адам бар.

Психолог Анаргүл Ибрайымбекова ішімдікке салынған қыз-келіншектермен жиі жұмыс істейді. Айтуынша, әйелдердің тәуелділіктен құтылуы ерлерге қарағанда әлде қайда қиын. Олармен кемінде жарты жыл жұмыс істеу керек. Оның өзінде шын ынтасы болса ғана жазыла алады.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Ол клиентпен өте көп жұмыс жасадық. Жарты жыл жұмыс жасадық, оның өзі аз десек болады. Бірақ клиенттің өзінің ынтасы арқылы жарты жылда жұмыс жеткілікті болды. Егер де іштей ынтасы болмаса, ол қандай препараттармен емделсе де, қандай психологиялық техникалармен емделсе де ешқандай көмегі болмайды.

Қазақ әйелі «мен ішіп кеттім» деп дәрігердің алдына бармайды. Себебі ұялады. Ел-жұртқа қарабет боламын деп ойлайды. Осының салдарынан, бұл - қатерлі ауру секілді жазылмайтын дертке айналады.

Гүлнар ОМАРОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Маскүнемдік ол үлкен дерт. Қазіргі уақытта қоғамда бұл мәселеге көп көңіл бөлмейді да. Неге екенін. Әрбір жанұя өздері бұл мәселені шешуге тырысады. Бұл дерттің бар екені, дертке көп адамдар шалдығып жатқанын біз жасырмай, шындығын айту керек.

Әйелдердің спиртті ішімдікке тым үйір болуы 90-жылдардың басында байқалды. Еркек тиын таппай үйде отырып қалғанда, әйел базарға шығып, ауыр жұмысқа жегілді. Алдымен «бойын жылыту үшін», кейін жүректегі жараны емдеу үшін ішімдікпен дос болды. Соңында әдетке айналды.

А. Задабек