Ақтөбелік зейнеткер үш айдан бері өзінің тірі адам екенін дәлелдей алмай жүр. Емханадағы статист-дәрігер жеке сәйкестендіру нөмірінде бір санды қате жазып, ол өлілер тізіміне еніп кеткен. Ромахан Кенжебаев сол қателіктің зардабын әлі тартып жүр. Зейнеткер емханаға барып, өзінің бір күн бұрын қайтыс болғанын естіген. Сондықтан оның барлық құжаттары жарамсыз болып қалды. Емхана сол кезде қателігін толықтай мойындап құжаттарын реттеп берген. Бірақ үш айдан бері зейнеткер зейнетақысын ала алмай отыр.
Ромахан КЕНЖЕБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Үш ай бұрын басталды. Мені өлтіріп тастады. Врачебная ошибка деп келіп бәрін істедік енді. Үш ай болды пенсиямды ала алмай жүрмін. Каждый день ертең, ертең, арғы күні ертең дейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының облыстық филиалына зейнеткердің қаза болғаны туралы мәлімет 7 қазанда түскен. Заң бойынша келер айдан бастап зейнетақы төлеу тоқтатылған. Ал қателік кеткенін бұл орталықтың мамандары тек үш апта бұрын ғана естіпті.
Асылгүл АЙДАРОВА, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ PR-МЕНЕДЖЕРІ:
Мәлімет анықталған бойда Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының қызметкерлері барлық шараларды орындап Аталған азаматтың зейнетақысы алдыңдағы айдың 1-нен бастап жүргізілетін болады.
Б. Рахметова