Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда мекеме басшысы қол астындағы қызметкерін жұмысқа 10 минут кешіккені үшін мұрнын бұзды

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2022
  • 2082

Павлодарда мекеме басшысы қол астындағы қызметкер әйелдің жұмысқа 10 минут кешіккені үшін мұрнын бұзды. Бетін көгертіп, денесіне түрлі жарақат салған. Қазір қатал бастықтың бұл әрекетін сот қарап жатыр.

Юлия Пузина - фитнес жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. Спорт кешенінде еңбек еткеніне 13 жылдан асқан. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет ескерту алмаған қызметкер бар болғаны 10 минутқа кешігіп қалған. Сол үшін басшысы жаттықтырушыны кабинетіне қуып барып, соққының астына алған.

Юлия ПУЗИНА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Ол артқа бұрылып кабинеттің есігін тарс жапты да, мені жұдырықпен бетімнен ұрды. Қатты соққыдан есімді жоғалтып ала жаздадым. Теңселіп барып, әрең өз-өзіме келдім. Сосын ол маған түрлі балағат сөздер айтып, бұл жерден тірі кетпейсің - деп айғайлады. Жұдырығы мұрныма тиіп, қан кетті.

Соққының салдарынан әйелдің миы шайқалып, бетінің жақ сүйегі көгерген. Аяғында да жарақат іздері бар. Қазір аталған іске байланысты мекемеде қызметтік тексеру басталды.

Мақсұт БАЙҒАБЫЛОВ, ЖОҒАРЫ СПОРТТЫҚ ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ЗАҢГЕРІ:

Біздің мекемеде аталған іске байланысты арнайы комиссия құрылды. Олар жаттықтырушыны соққыға жығу дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізеді.

Ал жұмысшының құқығын қорғайтын еңбек басқармасы зардап шегушіге тек заңдық тұрғыдан ғана көмек көрсете алатындарын айтады.

Ербол САЙФУРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл кәсіпорын шағын бизнес нысанына жатады. Сондықтан, оған біз тексеру жүргізе алмаймыз. Президент жарлығымен тексеру жүргізуге мараторий жарияланған. Сол себепті зардап шегушіге тек құқықтық көмек бере аламыз.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қатал басшының қатаң әрекеті сотта қаралып жатыр. Ал зардап шегуші уақытша жұмысқа жарамсыз. Сондықтан да ол бастығы жауапгершіліктен құтылып кете ме - деп алаңдайды.

Ө. Қуанар