Русский Сайттың толық нұсқасы

«Тұрғын үй бағасы бұрын-соңды болмаған көрсеткішке өседі», - сарапшы

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2022
  • 2293

Елімізде үй бағасы шарықтап барады. Соңғы 10 жылда жаңа тұрғын үйлер 85, ал қолданыстағы үйлер 112 процентке қымбаттаған. Жылжымайтын мүлік нарығынан келер жылы не күтеміз? Әріптесім сарапшылардан сұрап білді.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Тұрғын үй бағасы шарықтап тұр. Қаладан пәтер алу үшін жылдар бойы жинаған қорыңыз болуы керек немесе несиеге арқа сүйейсіз. Әйтсе де, сол ипотекалық кредиттің өзіне көп адамның қолы жетпейді. Алғашқы жарнасы мен пайыздық мөлшерлемесі қымбат. Баспана барлығына арман болып тұр.

Арманды ақиқатқа айналдыра алмай жүргендер көп. Өйткені, көпшілігінің табысынан көк тиын ауыспайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Осы Астанаға келгенімізге 20 жыл болды. 20 жыл квартирада жүрміз. Барлығы қымбатшылыққа байланысты.

- Кішкене ойламай ма Қазақ елін. Көмек беріп. Құдайға сеніп алып отырмыз енді. Не қыламыз енді? Қымбат болсын, арзан болсын. Арзан деген жоқ.

Келер жылы Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығын күрделі кезеңдер күтіп тұр. Салынатын тұрғын үй көлемі азаяды, құрылыс компаниялары банкротқа ұшырап, пәтер бағасы бұрын-соңды болмаған бағаға шарықтайды. Экономистер мен үй нарығында жүрген мамандар осындай болжам жасады. Бұған жалпы экономикалық жағдай, құрылыс материалдарының қымбаттауы, төлем қабілеттілігінің төмендеуі және қол жетімді ипотеканың болмауы әсер етпек.

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Мемлекет тырысады осы тұрғын үй нарығындағы бағалардың түсіп кетпеуін қадағалауға тырысады. Себебі, егер тұрғын үй бағалары қатты түсіп кететін болса, онда ол дағдарыстың көрінісі. Көптеген құрылыс компаниялары банкрот болады, жұмыссыздық өршиді. Өйткені, құрылыс нарығында өте көп азаматтар уақытша болса да жұмыс табады. Бұл әлеуметтік жағдайға бірден соққы болады. Сондықтан мемлекетте бағалардың қатты түсіп кетуіне ынталы емес.

Ал нарықта пәтер саудалап жүрген мамандардың айтуынша, жаңа салынған үй бағасы соңғы 3 айдың ішінде 2 процентке қымбаттаған. Десе де, қолданыстағы үйге қарағанда сұраныс бар дейді.

Қарулан ӨТЕН, РИЕЛТОР:

Адамдардың қаржылық жағдайы әлі қиын. Жеңілдікпен берілетін бағдарламалардың келер жылы жалғасуы да екі талай. Қазір осы бағдарламалардың арқасында ғана жаңа үйлер несиеге болса да сатылып жатыр. Ал екінші нарықтағы үйлер көбіне өтпей тұр. Сатып алушылар арасында қызығушылық жоқ.

Құрылысшылар одағының төрағасы компанияларға мемлекеттен бөлінетін қаражат жетпейді дейді. Сол себепті көбісі арзан құрылыс материалдары мен жұмыс күшін іздейді. Салдарынан мемлекет тапсырысымен салынатын тұрғын үйлердің сапасы нашар болады.

Талғат ЕРҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бюджетке қаржыны резерв ретінде сақтамасақ, мәселе шешілмейді. Өйткені орталық әкімшілікке сілтейді, әкімшілік қаражат жоқ деп орталыққа сілтейді. Соған байланысты қаражат жетіспейді. Қаншама 40-30 жыл істеген мекемелер бар, кооператив түрінде істеген мекемелер бар құрылыс мекемелері солар нарықтан шыдай алмай кетіп жатыр.

Тәжірибелі компаниялар нарықтан шықса орнын жаңасы басады. Сәйкесінше бұрынғы қателіктер қайталанады, дейді құрылысшылар одағының төрағасы. Баға мен сапаның сәйкессіздігі осыдан туындайды.

А. Базарбай