Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда этнограф Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты конференция өтті

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2022
  • 2526

Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековке арналған конференция ұйымдастырылды. Шараның өтуіне Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қоғамдық қор мен Ұлттық кітапхана мұрындық болды. Атақты этнографты еске алу үшін оның шәкірттері, қызметтестері мен зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Өзбекәлі Жәнібеков - қазақ халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін жаңғырту ісіне сүбелі үлес қосты. Ол Наурыз мейрамының жандануына, киелі Тайқазанның Қазақстанға оралуына тікелей басшылық етті. Этнографтың арқасында Ұлы даланың бірегей ескерткіштері сақталып, қалыпқа келтірілді. Олардың қатарында Қожа - Ахмет Яссауи, Қарахан, Айша-бибі кесенелері мен Отырар археологиялық ескерткіштері бар. Дөңгелек үстел барысында Өзбекәлі Жәнібековтің әріптестері мен шәкірттері еңбегі ерен тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

Қанат ТҰЯҚБАЕВ, ЭТНОГРАФ-РЕСТАВРАТОР:

Тарихи-мәдени мұраларды қайта қалпына келтіру жұмысынан еш уақытта да өзін бөлек қоймаған. Музей ісіне де көптеген еңбек сіңірді. Егер ол кісінің атқарған жұмыстарының бәрін айтатын болсақ, ол көптомдық кітап болып шығады.

«Шараның басты мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметін үлгіге ала отырып, өскелең ұрпаққа қазақ елінің тарихы мен мәдениетін насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар.

Әзел ЖӘНІБЕК-ШӘРІПОВА, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚОР ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрине, тек қана бір конференциямен шектеліп жатқан жоқпыз. Қазіргі кезде жас автор, жас ізденушілердің тарапынан қызығушылық көбейіп жатыр. Бірнеше кітап жазылып жатыр. Мысалы, жақын арада жас авторлардың «Жәнібеков менеджменті» деген кітабы шығады. Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінде ғылыми конференциялар өтуде.

Сонымен қатар, көпшілік назарына Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметі жайлы мәлімет беретін құнды жәдігерлер ұсынылды. Көрмеде этнографтың шәкірттері де бірегей туындыларымен бөлісті.

М. Жақан