Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында 70-тен асқан қария тропикалық жемістер өсіре бастады

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2016
  • 5046

Алматы облысында 70-тен асқан қария тропикалық жемістер өсіре бастады. Есік қаласының маңында тұратын ақсақал бірнеше гектар жерге інжір, құрма, анар және жүзімнің түрлі сорттарын егіп, одан өнім ала бастаған. Қария кәсібін балаларына үйретіп, мұсылман елдерінде сұранысқа ие жемістерді ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бағбандықты кәсіп еткен отбасының шаруашылығымен Ришат Асқарбекұлы танысып қайтқан еді.

Мына анарды 3 жыл бұрін отырғызып едім, міне биыл жеміс берді. Енді оны 1-2 га жерге көбейтемін.

Нұраддин ақсақалдың ата-бабасы Өзбекстанда бау-бақшаны кәсіп еткен. Әкесі сондағы билеушілердің бірінің сарайында жеке бағбаны болыпты. Кейіпкеріміз сексенініші жылдары атамекенге қоныс аударған соң, ауыл шаруашылық саласында еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң 10 гектар жерге жемістің түр-түрін егеді. Әдетте ыстық елдерден келетін інжір, құрма және анар жемісін өзімізде жерсіндіре бастапты.

Мына қауынның сорты Ташкентте бар. Тез шығады. Бұл отырғызған соң 60 күнде піседі. Ал менікі өзім будандастырған жаңа сорты 50 күнде шығады.

Бағбан қауын мен жүзімнің қыста жақсы сақталатын түрлерін өсіруді де жолға қойған. Жемістің кеш пісетін сұрыптарын келесі көктемге дейін сақтап, саудаға шығарады. Бұл да қажырлы еңбек пен  уақытты талап етеді, дейді  ол.

Нұраддин Мәткәрім, бағбан:

Қазір жүзімнің 7 түрі бар. Дүниеде жоқ түрлерін шығарып жатырмын. Оның ұзындығы мынандай, қызыл болады. Құдай қаласа, келесі сентябрьде нарыққа шығады. Ондағы ойым: адамдар жесін, өзім де тиын-тебен табамын. Құрманың 2 түрі, інжірдің 2 түрі шығып тұр. Келесі жылы өнім береді.

Ботаник-маманның айтуынша, інжірдің отаны - Жерорта теңізінің маңайы. Құрманың бір түріне жататын жемісті қазақ жерінде де өсіруге болады екен. Ол үшін қолайлы жағдай мен зертханалық негіздемелер жасалуы қажет.

Сергей Чекалин, ҚР ботаника институтының зертхана меңгерушісі:

Ең бастысы - температуралық тепе-теңдік болуы тиіс. Тропикалық өсімдіктер ыстықты жақсы көреді, ал бізде ауа ылғалды. Қысқасы, тиісті жағдай жасалса, біздің жерде өспейтін жеміс жоқ. Топырақ құрамына да көп нәрсе байланысты.  

Үнемі  еңбек етіп, ылғи қимыл-қозғалыста жүретін қария балалары мен немерелерін де бау-бақшаны күтіп баптауға баулып жүр. Шаруақор жан 5 гектар жерге ақ жүгері, қызанық және қияр егіп, одан да мол өнім аламын деп үміттенеді. Ал субтропикалық жемістердің алқабын кеңейтуге мемлекеттен қолдау болса, алдағы жылдары Алматы базарларынан жергілікті жемістің дәмін татуға мүмкіндік бар, - дейді ақсақал. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ