Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұғыры биік Тәуелсіздік

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2022
  • 3049

Биыл ел Тәуелсіздігіне 31 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан саяси ұстанымы қалыптасқан дербес зайырлы мемлекетке айналды. Тарих үшін қас-қағым уақытқа бергісіз тәуелсіздік белестері туралы келесі материалда.

1991-жылы ыдыраған КСРО-дан көп ұзамай Қазақстан да бөлініп шықты. Еліміздің Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш АҚШ мойындаса, Түркия әлем елдері арасында алғаш болып, Қазақстанда өз елшілігін ашты. Осылайша бірнеше аптаның ішінде жер-жаһан қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды. Тарих үшін егемендіктің 31 жылы – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Бірақ бұл кезең дәуір мен буын алмасқан өзгерістерге толы.

Әсет ТАСМАҒАМБЕТОВ, ТАРИХШЫ:

30 жылдық тарихи тұрғыдан алатын болсақ, көп мезгіл емес қой. Бірақ дегенмен де артқа көз салсақ, қаншама жұмыстар атқарылды, қаншама кезінде ондаған жылдар бойы жиналмаған қысқа мерзімдегі дереккөздер жиналды, сол 30 жыл бұрынғы жағдаймен алғанда. Қазір өсіп келе жатқан ұрпақ азды-көпті, толыққанды өзіміздің тарихымызды оқи алады, таныса алады.

Кеңес одағы құрамындағы 70 жылда еліміз ұлттық құндылықтарын жоғалта жаздағанымен, кейін дені Тәуелсіздіктің арқасында қайта оралды. Ендігі міндет - тарихтағы ақтаңдақтарды түгендеу.

Бақтылы БОРАНБАЕВА, ТАРИХШЫ:

Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың басында «біз қазақ халқы тарихымызды түгендеп жүрген халықпыз», - деп айтқан еді. Біз міне бүгінге дейін өзіміздің тарихымызды түгендеу үстіндеміз. Өйткені империялық мемлекеттер отарланушы халықтың алдымен тарихын жасырып бақты. Өйткені тарих ғылымының құдіретті күші сонда ол ұлттың тарихи санасын көтереді. Тарихи санасы көтерілген халықтың еңсесі биік болады.

Бүгінде егемендіктің ел үшін маңызды екенін бәрі түсінеді, тұғыры биік Тәуелсіздікті қасиет тұтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Тәуелсіз болған бақыт қой үлкен. Өз тіліміз, өз мәртебеміз бар, өзіміздің ойымыз бар. Еркінбіз былайша айтқанда.

- Жетістіктеріміз тәуелсіздікке жеткеннен бері, халықтың осы көріп жатқан жақсылығы, жетістіктеріміз, ұрпақтарымыздың болашағы осы тәуелсіздіктің арқасы бәрі.

- Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, осы тәуелсіздік арқасында тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді, тарихымызды бәрін қайтарып алдық. Сондықтан тәуелсіздік мен үшін аса маңызды.

Тарихшылар тәуелсіздік жетістіктерін он жылдық белеске бөліп қарастырады. Алғашқы он жылда мемлекеттік рәміздер белгіленіп, төл теңгеміз айналымға шығарылды. Қарулы Күштер құрылды. Ал екінші онжылдықта еліміздің экономикалық әлеуеті артып, құрлықтағы шекарасы заңмен бекітілді. Үшінші он жылдықта саяси-экономикалық реформалар мен рухани жаңғыруға мән берілсе, алдағы он жыл қуатты ел болуды жүктеп отыр.

Е. Карин