Русский Сайттың толық нұсқасы

Интернетке жарымай отырған елді-мекен көп

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2022
  • 1596

Сапасыз интернет төңірегіндегі дау әлі тоқтаған жоқ. Келер жылы 5G-ге көшеміз деген Бағдат Мусинге мәжіліс депутаттары бұл мүмкін емес екенін айтып, шүйлікті. Елімізде интернет сапасы 3G-ге де жетпейтін ауыл-аймақ тұрғанда, ол туралы айтудың өзі күлкүлі дейді. Айды армандамай, жерге түсейік деген депуттар тағы не деді? Аружан Задабек айтады.

Цифрлық даму министрі алдымен сөзін «бұл жолы шынымды айтайын» деп бастады. Сөйтті де, еліміздегі интернеттің сапасыз екенін мойындады.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Интернет сапасы төмен деген шағымдар көп. Оны біз мойындаймыз!

Ақтарылып, әңгіменің ашығын айтқысы келген министр депутаттардың сынына бірден ілінді. Мәжілісмен Аманжол Әлтай тек сандарды сөйлете бермей, ауыл жақтың жәйін көзіңмен көріп қайт деп кеңес берді.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Министрлердің баяндамасындағы мәлімет пен шынайы мәліметтің арасындағы алшақтық бізді де, халықты да шаршатты. Құрметті министр мырза, меніңше біздің дәл қазіргі елді-мекендердегі, ауылдық жердегі ахуал бұдан төмен. 74 пайызға жетпейді деп ойлаймын.

Депутат соңғы рет қашан елді-мекенді араладың деп сұрақты төтесінен қойып еді, Мусин ауыл атын еске түсіре алмай, біраз абдырады.

2027 жылға дейін қазақстандықтар 5G интернет байланысын толық қолдана алады деген ұсынысты мәжілісмендер қолдай қоймады. Етек жеңімізді жинап алайық деген олар, алдымен ауыл-аймаққа қарапайым интернет орнатып алсақ деген ұсыныс айтты.

Мәди АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

4G емес, біз әлі 3G-ге жетпей отқан елді-мекендер де бар. Жауыр болған тақырып. Не қосылып жатқан ауылдар жоқ, не аудандар жоқ. Елді-мекендерге шыққан, кезде халық бүкіл өкпе-назды бізге жеткізеді.

Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 74 проценті кең жолақты интернетке қосылған. Қалған 26 пайызы әлі күнге дейін байланыссыз отыр.

А. Задабек