Русский Сайттың толық нұсқасы

Дәрігерлерден зардап шеккен науқастарға өтемақы төленуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2022
  • 1492

Елімізде жыл сайын 300-ге жуық дәрігер істі болады. Енді олардың салғырттығынан жапа шеккен науқастарға өтемақы төленуі мүмкін. Заң жобасын бүгін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәжілісте таныстырды. Тағы қандай өзгерістер барын әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Астана қаласының тұрғыны Қаламқас Сейтқанова екі жыл бұрын анасынан айырылды. Ол ақ халаттылардың кінәсінен болды, дейді. Айтуынша, ауырып барған анасын дәрігерлер уақытында дұрыс тексермеген.

Қаламқас СЕЙТКАНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Адам қайтып жатыр. Анам мысалы. Туған анам. Біз үшін қымбат жан. Әлі де жылап жатырмыз. Неге, не үшін дәрігерлер сондай жауапкершілікпен қарамады. Неге жібермеді. Ең элементарный заттарғой. Анализдерді жібермеген. Бұл жағдайда қатаң жазалау керек,жауапкершілік қажет. Минимум жұмыстан шығару қажет.

Қаламқас секілді әділдік іздеп шырылдап жүргендер аз емес. Бірақ бүгін мәжілісте денсаулық сақтау министрі абайсызда адам өліміне себепкер болған ақ халаттыларға жазаны жеңілдетуді сұрады. Соңғы 5 жылдың ішінде министрлікке жеке және заңды тұлғалардан 14 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Оның ішінде жыл сайын 300-ге жуығы қылмыстық іс ретінде тіркеледі.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Заң жобасында айыппұл мөлшерін және денсаулығына орташа және ауыр абайсызда зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіргенде немесе қайтыс болғанда «бас бостандығынан айыруды» жазаның мерзімдерін қайта қарай отырып «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылады.

Дегенмен бас прокуратура ұсынылған заң жобасын қолдамайтындықтарын айтты. Себебі, арыз-шағым болған жағдай да міндетті түрде іс қозғалады.

Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Денесіне орташа немесе ауыр жарақат алып келетін болса, міндетті түрде қылмыстық қудалау органымен қылмыстық іс қозғалады. Тергеледі, сараптама тағайындалады. 317-баптың 3-4-ші бөліміне келер болсақ, кісі өліміне алып келетін зардаптар, бұл жерде біздің позициямыз нақты. Бұл жерде жария түрде қылмыстық іс жүргізілу керек. Себебі адам өмірі – мемлекетіміздің құндылығы. Кез келген факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті бағасын алу керек.

Заң жобасына байланысты депутаттардың да пікірі әр алуан. Олар мәселені екі жақты қарау қажет дейді.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жауапкершілік тым жеңілдетіліп тұрған жоқ.Тек осыны кейбір тұстарын ізгілендіруге ғана бағатталған толықтырулар деп қабылдаңыздар.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Дәрігердің кінәсінен тыс белгілі бір опат жағдайлар болатын болса,онда олардың да құқықтарын қорғау қажет. Менің ойымша әрбір жағдайға байланысты жеке-жеке қарау керек.

Заң жобасында пациентке ауырлығы орташа зиян келтiрілсе, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады делінген. Ал адамға ауыр зиян келтiрілсе, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу көзделген. Дәрігердің кінәсінен пациент қайтыс болса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дәрігерлердің салғырттығынан зардап шеккен науқастарға өтемақы төленуі мүмкін. Әзірге заң жобасын мәжілістің бірінші оқылымда мақұлданды.

Б. Сатуов