Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада тағы баспана дауы

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2022
  • 1203

Елордада 150-ге жуық тұрғын жарты жылдан бері дайын үйлеріне кіре алмай жүр. Салымшыларға пәтер кілтін 25 желтоқсанда береміз деген құрылыс компаниясы мерзімді тағы шегерген. Тығырыққа тірелген тұрғындар енді не істерін білмей отыр. Мәселе қалай шешілмек? Жауаптылар не дейді? Азамат Серікхан тарқатады.

Тұрғын үй кешенінің жер жарған жарнамасына қызығып, пәтерге ақша құйғандардың бірі - қызылордалық Салтанат Қазыбек. Бірақ оның Сыр елінен елордаға қоныс аударсам деген мақсаты арманға айналды. Бастапқы жарнаның 20 процентін салған. Келісім-шарт бойынша пәтерін қазан айында алуы тиіс еді.

Салтанат ҚАЗЫБЕК, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Одан кейін желтоқсан, енді қайтьп қаңтар деп жатыр. Кілтін беру ғана қалды. Бізге айтады. Документтер акиматта кадастр номер жазылып жатыр. Және барлық документтер акиматта әзірленіп жатыр. Оны айтқанына 2 ай болды.

Құрғақ уәдеден шаршағандар шартты бұзып, ақшаны қайтарып беруді де сұраған. Бірақ компания өкілдері оның 10 процентін ұстап қаламыз депті. Тұрғындардың үміті осы жылдың соңына дейін 7-20-25 ипотекалық бағдарламасына ілігу болатын. Бірақ енді ол да бұйырмайын деп тұр дейді.

Әлішер ИБРАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ипотечный программамыз 7-20-25 тоқтатылуы мүмкін. Жиналған халықтың барлығы соған үміт артып отыр. Өйткені көбісіміз табысымыз жеткіліксіз басқа программаға. Нақты қашан беріледі? Неге біз күту керекпіз? Неге біз жүру керекпіз. Не болмаса ақшамызды қайтарсын. Толығымен. Өйткені жаңағы предварително куплю-продажа ол заңсыз.

Ал құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, бұл жағдайға олар кінәлі емес. Мәселе жерге қатысты дейді. Бұл аумақ осыған дейін үлескерлерден құралған тұрғын үй құрылыс коперативінің иелігінде болған.

Сәкен СЕРІК, «SAT NS» ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Келісімшарт бойынша біз үй құрылысын 6 айға дейін созуға құқығымыз бар. Бар мәселе үй салынған жерді компания өз атына тек қараша айында аударды. Оған дейін біз мекеменің атына рәсімделмеген жерге үй құрылысын жүргіздік. Біздің өзімізге де заң тұрғысынан қауіп төніп тұрды. Қазір барлықтарыңыз білетіндей құрылыс толығымен аяқталды. Тек құжаттарын рәсімдеу ғана қалды. Егер жерді ертерек алғанда, рәсімдеу мерізімі де ерте болатын еді. Бұл жерде SAT NS -тің кінәсі жоқ.

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС баспасөз қызметі:

«SAT NS» Инвестор ЖШС «Аниса 2.3» тұрғын үй кешенінің барлық сыртқы желілерін жүргізу жұмыстарын аяқтағанын хабарлаймыз. Ортақ қолданыстағы орындарды аяқтау, лифттерді іске қосу және реттеу, ішкі инженерлік желілерді реттеу жұмыстары жүргізілуде. Үлескерлерге жөндеу жұмыстарын жасау үшін кілт беру 2022 жылдың желтоқсан айының соңына жоспарланған. Құқықтық құжаттар тіркелгеннен кейін 2023 жылдың қаңтарында беріледі.

Азамат СЕРІКХАН, ТІЛШІ:

Бұл тұрғын үй кешенінің жер учаскесі әу баста кепілде тұрған болып шықты. Коммерциялық ұйым құжаттарды рәсімдеп, үйді қаңтардың 5-нен кешіктірмей береміз деп тағы уәде етті. Ал үмітінен күдігі басым салымшылар мемлекеттік бағдарламаның жеңілдігінен қағыламыз деп қорқып отыр.

А. Серікхан