Русский Сайттың толық нұсқасы

"Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз", - Президент

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2022
  • 1204

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Өзбекстанға барды. Онда мемлекет басшылары өзара одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойып, шекарадағы мәселелерді талқылады.

Бас қосуда тағы қандай өзекті мәселелер көтерілді? Сарапшылардың пікірі қандай? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық конгресс орталығында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Содан кейін құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалды. Алдымен қос президент шағын құрамда келіссөз жүргізді. Онда президенттер саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы шекараға байланысты мәселелерге нақты нүкте қойылатынын айтты. Сондай-ақ, одақтастық туралы шартқа қол қойлып, мемлекет аралық байланыстар нығайа түсетінін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды.

Келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты. Айта кетейік, бүгінде екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биыл сауда айналымы 35 процентке өсіп, 5 миллиард долларға жуықтаған.

Шавкат МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз.

Қазіргі таңдағы геосаяси шиеленістер кезеңінде көрші елмен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды дейді,-сарапшылар. Сондықтанда Президенттің көрші Өзбекстанмен жасап жатқан келісімдері, болашақта үлкен рөлге ие болуы мүмкін.

Әлішер ӘБДІРЕШОВ, САРАПШЫ:

Өзбекстан Ауғанстанмен тікелей шектеседі, онда аласапыран жағдай қалыптасуда. Сондай-ақ, соңғы жылдары Орталық Азияда дабыл тудыратын бірқатар жағдайлар болды. Соның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы қақтығыстар және Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы жағдай. Сондықтан да мұндай жағдайда шекаралас Өзбекстан мен Қазақстан бірлесіп әрекет етуі тиіс.

Жиында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуы мен елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылды. Бұл сапар бауырлас елмен байланысты артыра түспек.

Б. Сатуов