Рио
олимпиадасының екінші күн қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үздік
жиырмалықта. Командамыздың қоржынында қос медаль бар. Бір күміс пен бір қоланы
дзюдошыларымыз алып берді. Айта кетерлігі, жарысқа қатысатын 206 мемлекеттің
ішінен тек 29-ының қанжығасы майланды. Ал Қазақстан командасы күні кеше тағы
бір медальге бір табан жақын болды. Азамат Алдоңғаров спорт жаңалықтарын
жалғастырады.
Олимпиаданың
екінші күнінде жеңіс тұғырына ең жақын келген спортшымыз Арли Чонтей. 56
келідегі зілтемірші, қосжарыс қорытындысы бойынша 278 келіні бағындырып, төртінші орында
тұрақтады. Спортшы жарыс кезінде басы айналғандығын айтады. Оны үштікке іліккен
Тайланд спортшысынан 11 келі ажыратып тұр. Құрама бапкері Алексей Ни, Чонтейдің мүмкіндігін сарпа пайдаланғанын
жеткізді.
Өз
мүмкіндігін барынша ортаға салғандардың бірі - Дмитрий Баландин. Жүзушіміз 100
метрде брасс тәсілімен сегізінші нәтиже көрсетті. Дмитрий үшін Рио алғашқы
олимпиада екенін ескерсек, жаман көрсеткіш емес. Жарыс кезіндегі қобалжыған
жігіт 59-да 95 секундта мәреге жетті. Оның енді 200 метр қашықтықта бағын тағы
бір сынауға мүмкіндігі бар.
Ал
татами тарланы Жансая Смағұлдың екінші мүмкіндігі жоқ. Спортшымыз 1-де 16
кезеңде Оңтүстік Корея өкіліне есе жіберді. Оның қарсыласы жекпе-жекке бірінші
айналымда бос болып, тың келсе, біздің спортшымыз оған дейін бельгиялық
дзюдошымен белдесіп, күш сарпыған еді.
Қазақстандық
теннисшілердің де бағы шаппады. Ярослава Шведова топтық кезеңнің бірінші
айналымында жеңіліс тапты. Жапон қызы Мисаки Доимен өткен кездесу 1 сағат 13
минутқа созылды. Нәтиже - 6,3, 6,4. Кейін теннисшіміз Галина Воскобоевамен
ракетка біріктіріп, жұптық жарысқа шықты. Алайда бельгиялық жұппен болған
кездесу біздің пайдамызға шешілмеді. Бір сетте 6,1 есебімен жеңіліп, келесі
сеттен дәрігерлердің кеңесімен бас тартуға тура келді.
Биылғы
олимпиаданың тосын оқиғаларына тоқталсақ, Новак Джоковичтің бірінші айналымда
есе жіберуі көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Аргентиналық Хуан Мартин Дель
Потромен екі сағаттан артық арпалысқан әлемнің үздік тенисшісі жеңіліс тапты.
Алғашқы кездесулерінде бабы келмегендердің қатарында апалы-сіңлі Уильямстар
бар. Олар Чехиялық Люси Шаваржова мен Барбара Стрыцовойдың жұбына есе жіберді.
Ал АҚШ-тің келесі спортшысы, әйгілі Майкл Фелпс олимпиаданың 19 дүркін чемпионы
атанды. Ол еркін тәсілмен 100 метрге жүзуді алтын алды.
Осылайша АҚШ
құрамасы жүлде бойынша топ бастап тұр. Олардың еншісі түрлі дәрежелі 12 медаль
бар. 8 медальмен Қытай өкше басып тұр. Қазақстан құрамасы екі күн қорытындысы
бойынша 206 мемлекеттің үздік жиырмалығында. Біздің қоржында дзюдошылар
сыйлаған екі медаль бар. Күміс Елдос Сметовте, қоланы Галбадрах Отгонцэцэг
алды.
Ал,
бүгін өнер көрсететін спортшыларға көз жүгіртсек. Сағат 22.10-да есу слаломында
жарыс басталады, онда ел намысын Екатерина Смирнова қорғайды. Бүгін сондай-ақ
отандық бокс мектебінің үш өкілі шығады: 9 келіде Біржан Жақыпов Намибия
өкілімен жұдырықтасады. 75 келіге дейін Жәнібек Әлімханұлы британиялықпен, ал
91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит Қытай спортшысымен рингке шығады.
Сондай-ақ 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ауыр атлет Фархад Харки бағын
сынамақ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ