Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қай облысқа барсаңызда, жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері", - депутат

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2022
  • 1326

"Қай облысқа барсаңыз, жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері". Бүгін мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов ауыл шаруашылығы министріне осылай сауалды төтесінен қойды. Депутат жақында ғана елді-мекендерді аралап келгенін айтып, шаруалар жайылымдық жер таппай отыр, деді. Сондықтан министрдің баяндамасына күмәнмен қарайтындығын жасырмады.

Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Жердің иелерін тақтаға жазып қоюға кім кедергі? Өскеменге барсаңыз жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі, Астананың маңы Шөкеевтікі. Оны айтуға қорқып отыр бәрі. Сіздің баяндамаңызда айтылған қайтарылған мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал ұстап отырған кісілерге жер жетпей жатыр. Осыны қашан қолға аласыздар?

Мінберде сұраққа жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев депутаттың бұл ойымен келіспейтінін жеткізді. Айтуынша биылдың өзінде Қазақстанда заңсыз берілген және игерілмеген 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Министр келер жылы тағы 5 млн гектар жер мемлекетке алынатынын айтты.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Әкімдерге тиіспей, жерлерді қорғап отыр дегенді мен қабылдай алмаймын. Себебі 5,2 млн гектар жерді қайтардық. Ол кімнің жерлері? Сол әкімдердің жерлері, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да 5 млн гектар жерді қайтарамыз. Ол жұмысты қазір жандандырып жатырмыз. Біз заңға сәйкес жұмыс істейміз. Бар жұмысты жоқ деп айтуға болмайды

Б. Сатуов