2022 жылы жұртты елеңдеткен, елдігіміз сынға түскен сәттер де болды. Қаңтар оқиғасы, Екібастұз тұрғындарының жылусыз қалуы, Қостанайдағы алапат өрт, Қарағанды шахтасындағы апат. «Астана» арнасының тілшісі жылдың ең ірі төтенше оқиғаларына тоқтады.
Екінші қаңтарда Маңғыстау облысында басталған бейбіт шерудің арты бүлікке, қарақшылық пен төбелеске ұласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерін шақыруға шешім қабылдады. Елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ресми дерек бойынша «Қаңтар оқиғасынан» 238 адам қаза тапты. Оның 19- ы құқық қорғау органдарының өкілдері мен әскери қызметкер. Кейін бұл оқиғаға «билікті күшпен басып алуға талпыну» деген баға берілді. Жүздеген адамға қатысты 234 қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар лауазымды тұлға қамауға алынды.
Ал Қостанай облысында алапат өрт салдарынан Аманқарағай ауылында 91 үй толық жанып кетті. Қыркүйектің екісінде Әулиекөл ауданында басталған өрт 8 күнде әрең сөндірілді. 43 мың гектар аумақты шарпып мыңға тарта үй жануарлары пен құстар құрбан болды. Полиция орман шаруашылығының басшысын қамауға алды.
Қарағанды облысының Ленин шахтасында қарашаның 3- і күні 830 метр тереңдікте метан газы жарылып 5 кенші қаза тапты. Тағы 4 шахтер ауыр жарақаттармен аман қалды.
Осы айдың басында Екібастұз қаласында 150 мыңға жуық халық қыс ортасында жылусыз қалды. Жылу электр орталығындағы апат салдарынан ыстық және суық су да тоқтады. Жарық та өшті. Мұзды қалаға айналған шаһарда бір мыңдай пәтер жарамсыз күйге түсті. Халық баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Жергілікті билік үкіметпен бірлесіп төтенше жағдайлардан болған проблемаларды шешуге тырысып жатыр. Ең бастысы енді мұндай оқиғалар ешқашан қайталанбасын, - деп тілейміз. 2023 жыл Қазақстан халқы үшін сәттілікке толы жыл болсын.
А. Қуаш