Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ дубляжының халі қалай?

  • AstanaTV
  • 04 қаңтар 2023
  • 3025

Соңғы кезде үлкен экрандардан голливудтық туындылардың қазақша нұсқасын жиі көріп жүрміз. Кино аударылып жатыр, ал оны көрермендер қалай қабылдауда? Қазақ дубляжының халі қалай? Әріптесім Әйкерім Пернебек тарқатады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Экранның ар жағындағы кейіпкерге өз дауысыңды сыйлап, дыбыстау, үлкен еңбекті қажет етеді. Кәсіби аударма, тілдің тазалығы және актерлік шеберлік - бұл дубляж жасаудың негізгі құралы. Елімізде қазақша дыбыстама дәстүрлі түрде орысша нұсқаның 1% ғана жинап жүр.

БЛИЦ:

- Аватарға бардым премьерасына, бірақ уақыты андай, ыңғайлы емес та, кешкі уақытта орысша ғана болды, ал негізі қазақ тілінде де қараған дұрыс сияқты деп ойлаймын.

- Дұрыс перевод болу керек, мағынасы жақсы болса қазақтар көреді деген ниеттеміз. Орысша сеанстарды кешке қояды да қазақша сеанстарды түске қояды, дұрыс емес деп ойлаймын.

- Фильмдерді қазақша шығарады, бірақ адам жиналмайды, білмеймін не себепті олай.

Шетелдік туындыларды қазақша сөйлету 2011 жылы басталды. Содан бері біршама туындының аудармасын көрдік. Алайда қазақша дыбысталған киноға көпшілік бара бермейді. Бірі кейіпкерлердің қазақша дауысына үйрене алар емеспіз десе, енді бірі кинотеатрлардағы кестенің қолайсыздығын айтады.

Меруерт ӘЙТЕНОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Сеанстардың уақытын жиілетсе екен деп ойлаймын ... жұмысбасты адамбыз ғой, балаларымыз мектепте, студент, өзіміз жұмыстамыз кешқұрым демалғымыз келеді. Кешкі сеанстарды көбейтсе және қолжетімді болса, ыңғайлы уақыт болса, ыңғайлы жағдай жасаса біз барар едік, көрер едік.

Осы айда Джеймс Кэмеронның «Аватар: Су жолы» атты ғылыми-фантастикалық фильмі қазақ тілінде дыбысталып, көреремендерге жол тартты. Алайда, Астанада алғашқы күні 157 сеанстың 9-ы ғана қазақ тілінде болған. Бұған жұрт әлеуметтік желіде наразылығын білдірді.

Айымгүл МЭЛСҚЫЗЫ, ПРОДЮСЕР:

Осы Аватар екінші туындымен көрермендер бір көтеріліп, қазақша сұрай бастап, қазақшаға бара бастаған кезден бері кинотеатрда сеанстардың саны да өсе түсті. Кинотеатр ол бизнес сала, соны ұмытпауымыз керек. Олар қоюға дайын, халықтан сұраныс болып жатса, сеанстарды арттыра береді, прайм тайм уақытына да қояды.

Дубляж мамандарының айтуы бойынша жыл басынан бері ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Көрермендер де оны жаман қабылдап жатқан жоқ.

Бақтияр БАЙСЕРІК, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:

Біз кішкентайымыздан кинотеатрларда орыс дубляжымен өстік, осы уақытқа дейін енді өскелең ұрпаққа қазақша дубляжды көптеп дайындап беруіміз керек және сапалы дүние дайындауымыз қажет деп ойлаймын өз басым.

Қазақша дубляждың болашағы зор. Қазірдің өзінде қазақ тілі дубляждағы екінші түркі тілі ретінде дараланып, Blu-Ray-да көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тіліне енді.

Ә. Пернебек