Қаңтар оқиғасы - Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қақтығыс болды. Бүлікшілер бейбіт елдің берекесін қашырып, іріткі салды. Төңкеріс жасаймыз деген түпкі ойлары түбегейлі жүзеге аспады.
"Газ-50". Бұл шеруді бастаған жаңаөзендіктердің басты талабы еді. Жедел комиссия құрылды. Бағасы бірден аспандаған сұйытылған газ арзандатылатын болды. Бірақ ірі қалалардың орталық алаңдарына жиналған жұрт тараған жоқ. Саяси өзгерістерді талап етті. Осылайша бейбіт басталған наразылық артынша қарулы қақтығыс пен бұзақылық әрекеттерге ұласты.
Қақтығыс күн өткен сайын күшейді. Ірі қалалардағы әкімшілік, құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуыл жасалды. Қылмыскерлердің айтқанына еріп, айдағанына жүріп арандап қалған жандар да бар. Президент ауыр қылмыс жасамағандарға кешіріммен қарауды құп көрді. Рақымшылық туралы заң қабылданды.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Бүгінде заңға сәйкес 980 тұлғаға рақымшылық жасалды, 76-сы қамаудан босатылды. Сотталған 904 адамның жаза мерзімі қысқартылды. Қазір өндірісте 36 қылмыстық іс бар.
Қаңтарда қан төгіліп, жүрегіміз езілді. Бизнеске нұқсан келіп, қарулы күштерге соққы тиді. Қалаларымыздың астан-кестені шығып, ел азаматтарының берекесі кетті. Еске түсірсек, көңіліміз құлазып сала береді. Таяуда Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Президент "қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз" деді. Бірліктің арқасында сын сағатта сүрінбедік. Мемлекет басшысы дер кезінде саяси шешімдер қабылдады.
Аман МӘМБЕТӘЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Басқа бір өмір болған сияқты. Бәріміз шошып, интернетті де өшіріп, байланыста жоқ болған. Жақын туыстар жағдайын білейін десең байланыс болмады. Енді 1 жыл деген срок. Меніңше жоғарғы жақта, халықтың ішіндегі біраз азаматтар өз-өзіне сабақ алды. Өзгерістер болып жатқанын байқаймызда. Әрине, жылдамдығы халықтың көңілі 100 пайыз толмайтын шығар. Қаңтар оқиғасы бір катализатор болды да саяси реформалардың.
Мақсат ЖАҚАУ, САЯСАТТАНУШЫ:
Билік естіді. Соның салдарынан біршама бастамаларды қолға алды. Бұл саяси реформалар, екінші әлеуметтік экономикалық бастамалар. Естуші билік кеше қаңтар оқиғасынан сабақ алмаса, мұндай әрекеттерді бастамас еді. Осының барлығын көргеннен кейін қоғам да, билік те бұған дайындығын көрсетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары бұл жолғы 2023 жылы үлкен нәтиже күтеміз. Бүгінгі бағамыз кешегі қаңтар оқиғасын екінші қайталатпау.
Бұл қаңтар оқиғасы көптің қабырғасын қайыстырғаны анық. Дегенмен, еңсемізді тіктеп, есімізді жинай білдік.
Ислам ҚҰРАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Бұл жағдай көбімізге сабақ болды. Дер кезінде қабылданған шешімдер Тәуелсіздік деген қастерлі құндылықты сақтап қалды. Қазір алға жылжуға қадамдар жасалып жатыр. Бастысы, билік халықтың үнін еститін болды.
Саяси реформалар ертеңгі күнге деген үміт отын оятты. Сыннан сабақ алып, әлеуметтік жағдайды жақсартудың бастасына қадам жасалды.
Ә. Дүкембаева