Былтыр жұмыс іздеп 8 мыңға жуық қазақстандық шекара асты. Қомақты қаржыға кенелгісі келетіндер 18 бен 35 жас аралығындағылар екен. Жас мамандар жаппай шетел асса, елде кім қалады? Аружан Задабек тарқатады.
Жақсы өмір аңсап, сыртқа кететіндердің көпшілігі білімді жастар. Тіл білетін болған соң, мұндағы жалақы олардың оң жамбасына келе бермейтін көрінеді. Әсіресе техникалық маман иелері мен дәрігерлер өзге елден нан тауып жүр.
КОРЕЯҒА КЕТКЕН ЖҰМЫСШЫ:
Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлық аз болды. 1 айда тапқанымыз Қазақстанда 3-4 айда табамыз. Тұратын үйіміз, жұмысымызда азанғы, түскі, кешкі тамақ береді. Жататын жеріміз тегін.
Экономист Ғалымжан Керімбек Қазақстанда өз ісінің білікті мамандары жалақысының жоғары болғанын талап етеді – дейді. Ал, жұмыс беруші сұрағанын бере алмайды. Сол себепті шекара асатын жастар қатары күннен-күнге артып барады.
Ғалымжан КЕРІМБЕК, ЭКОНОМИСТ:
Қазақстанның өзінде білікті мамандар, жұмысшылар жетіспей жатқан кезде бұл біздің экономикамыздың, оның ішінде өндіріс салаларының құлдырауына, тоқтап қалуына әсер етеді. Біздің жастарымыз 4 жыл, 5 жыл білім алады да, жұмысқа барайын десе жалақысы төмен, сондықтан олар төмен жалақымен жұмысқа барғысы келмейді.
Білікті кадрлар өзімізге де керек. Қазір елімізде 923 мың бос жұмыс орны бар.
ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:
Есепші мамандығы бойынша – 97 540 орын бос. Күзетші, инкассатор және соған байланысты кәсіптерге – 84 076 , дүкен сатушысы және олардың көмекшісіне – 73 368, әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғаліміне – 50 343, автомобиль жүргізушісіне – 49 127, күтім бойынша орта медициналық персоналға – 43 801 қызметкер қажет.
15 жыл ішінде Қазақстаннан 4,3 мың маман сыртқа кетті. Олардың көпшілігі техникалық кәсіпті меңгергендер. Әр үшінші эмигрант жоғары білімді, әрбір төртіншісі орта білімді. Мамандар бұл тенденцияны «ақылды, қабілетті адамдардың кетуі» деп түсіндіреді. Көшкіндер көше берсе көш бастауымыз қиын болайын деп тұр.
А. Задабек