Русский Сайттың толық нұсқасы

Үш жасөспірім оқушы қызды аяусыз соққыға жықты

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2023
  • 4215

Талдықорғандық құрбылар оқушы қызды аяусыз соққыға жықты. Олардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Үш жасөспірім жәбірленушіге жабылып, шашын жұлып, басын жұдырықпен ұрған. Арулар не бөлісе алмай жүр? Бұрымдылардың бассыздығы туралы Аружан Задабек айтады.

Көптің аузында жүрген бұл видео 9 қаңтарда түсірілген. Таспадағы оқушының бірі әуелі телефон арқылы әлдекіммен тілдеседі. Сөйлесіп болғаннан кейін, қасындағы үш қыз жабылып, оны соққының астына алады. Жасөспірімдердің не үшін жанжалдасқаны белгісіз. Сорақысы, оларды видеоға түсірген – ер бала.

Бұл жайтқа қатысты Жетісу облыстық білім басқармасы және полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, әрқайсысынан жауап алынды. Барлығы – облыс орталығы мен Қаратал ауданының түрлі оқу орындарында оқитын кәмелетке толмағандар. Жанжалдың себебі анықталып жатыр. Жәбірленуші қыз өз өкілімен бірге полицияға ресми өтініш беруден бас тартты.

Бұл шу бұзақы қыздарды селт еткізе алмаған сыңайлы. Өйткені олар тәртіп сақшылары жауап алғаннан кейін видео арқылы жұртқа үндеу жолдады. Сырғалым «сіңілілерім» сыра ішіп, былапыт сөздер арқылы өздерін кінәлап жатқандарға жауап беріпті-мыс.

Жаға жыртысып, шаш жұлысқан бұрымдылар туралы халық не дейді?

БЛИЦ:

- Сұмдық! Ол тәрбиесіздік деп ойлаймын, біріншіден. Екіншіден, қазіргі орта сондай шығар. Бәрі свободно кетті да...

- Дұрыс тәрбие беру керек ата-аналары.

- Колледждегі үлкен қыздар, мысалы перваштарға келіп күш көрсетеді. Ақшалай көрсетеді, мысалы өздерінің дәрежесі жоғары екенін солай дәлелдемекші болады.

Жап-жас қыздардың төбелесіне не себеп? Психологтың пікірінше, бұндай жайттар қыздардың «өтпелі» кезеңінде жиі болады. Олар өз қатарластарының арасында мықты болып көрінгісі келеді. Ашу-ызаға жиі бой алдырады. Сондай-ақ, бала бойындағы «қатігездіктің» пайда болуына ата-ананың тікелей қатысы бар.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Балаға ата-ана ашумен жауап қайтаратын болса, ұрысу арқылы, ұру арқылы, осы арқылы бала іштей қорқып қалады. Одан кейін күші жеткен адамдарға өз күшін көрсете бастайды. Яғни, өз-өзіне мен күштімін дегенді дәлелдегісі келеді. Одан кейін барлық адамдарды жау ретінде көре бастайды. Сондықтан да агрессия орын алып жататын жағдайлар көп боп жатады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ

Ертеңге дейін қыздарыңнан 5 мың теңге жинап бересің. Әйтпесе, жақсылық күтпе! Бар! Бұрын ер балалар осылай ақша талап ететін. Қазір бопсалауға бұрымдыларда білек сыбана кірісіпті. Салдары кикілжін мен төбелеске алып келеді. Бірақ өтпелі кезеңде жүрген арулар оны аңғара бермейді. Осындайда «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген сөз еске түседі. Қалай десек те нәзік жаратылыс иесіне төбелес жараспайтын қылық.

А. Задабек