Русский Сайттың толық нұсқасы

Нумерология: кәсіп пе, ғылым ба?

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2023
  • 2787

Сандар да сөйлейді. Нумерологтар адамның туған күні мен жылына, жасына қарап болашақты болжайды. Тіпті, қай күннің берекелі болатынын айтып, керек десең неше жаста тұрмысқа шығып, қанша бала дүниеге алып келу керектігіне дейін кеңес береді. Нумерология ақша табудың көзі ме, әлде ғылым ба? Әріптесім Аружан Задабек зерттеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қыз – қонақ дейміз ғой. Содан кейін бе тұрмыс құрмаған арулар үшін қашан, қанша жаста күйеуге шығатыны қызық. Оны білу үшін түрлі әдісті де қолданады. Соның бірі – нумерология. Мен дәл қазір өзімнің қашан отбасылы болатынымды есептеп көрмекпін. Өзіме де қызық болып тұр. Ол үшін алдымен өзімнің туған күнім, айым мен жылымды жазып. Оларды осылай бір-біріне көбейтемін. Нәтиже санды дәл осы кестедегідей толтырып, бір-біріне сәйкестендіремін. Міне, көріп тұрғандарыңыздай бұл кесте 20 жастың мен үшін тұрмыс құруға ең тиімді жыл екенін көрсетіп тұр.

Сандарды сөйлетіп жүрген нумеролог Ғалия Асылбекова біздің өміріміз сандарға тәуелді – дейді. Онымен қоса, адам баласының жүріп-тұруы, ішіп-жеуі де сандарға байланысты екенін айтып таңқалдырды.

Ғалия АСЫЛБЕКОВА, НУМЕРОЛОГ:

Нумерология дегеніміз – сәуегейлік емес, эзотерика да емес. Ол – ғылым. Бұл табиғат берген өте ыңғайлы құрал екенін үнемі айтып жүремін. Жеке басым калькулятор арқылы адамның туған күні мен аты-жөнін сұрастырып, есептей бастаймын. Адамның туған күні арқылы космограммасын да есептеуге болады. Яғни, белгілі бір уақытқа жететін өмірлік энергия қорын анықтайды.

Ал психолог Анаргүл Ибрайымбекова өзіне сенімі төмен адамдар ғана нумерологтарға жүгінетінін айтады. Ғылыми тұрғыдан алғанда оның өзі дәлелденбеген. Сондықтан болашақты болжағыштардың көздегені тек ақша дейді.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Нумерологияға және астрологияға сенетін адамдар өзін жұбатқысы келетін адамдар ретінде қарастыруға болады. Себебі, өзіне деген сенімділік жетіспегеннен кейін, әрине, жанама әдістерді іздеуге көшеді. Жалпы адам баласы кез-келген дүниеге сену дұрыс емес. Әр адам өзінің күшіне сеніп, шешім қабылдай алу керек.

Ал дін өкілдері сандардың сиқырын жоққа шығарады. Олардың пайымынша цифрға сену сәуейгелікпен тең. Сондықтан жұлдыз-жорамалдар, нумерология – көріпкелдік секілді шариғатқа қайшы.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдыретіне, тағдырына шәк келтіру үлкен күнә саналады.

Нумерологияның дұрыс-бұрыстығын әзірге нақты ешбір маман дәлелдеп айта алмады. Сондықтан оған сену-сенбеу кез келген адамның өзіне байланысты дейді сарапшылар.

А. Задабек