Шетелдік нөмірлері бар көлікті заңдастыру аясындағы шу әлі басылар емес. Есептен шығаруға үлгермеген армян машиналарының мәселесін Ішкі істер министрлігі шешуге уәде берді. Сондай-ақ, конструктор-автомобильдер бойынша рәсім жасалып жатқаны туралы хабарланды. Бір реттік акция мәселені түбегейлі шеше ме?
23 қаңтардан бастап елімізге шетелден кіргізілген автокөліктерді заңдастыру науқаны басталады. Нақты ережелер белгілі болғаннан кейін, автокөлік иелері арасында наразылық арта түсті. Мәселе армян көліктерінде. Оны Қазақстанда тіркеу үшін Арменияға барып, есептен шығару керек екен.
Қайрат СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бұл автокөліктер бойынша заңдастыру барысында осы мәселелер қаралып, толық шешіледі. Ішкі істер министрлігі бұл көліктерді Арменияда есептен шығару бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Автомобиль одағының төрағасы шетелдік нөмірлері бар автокөлік иелерінің наразылығы орынсыз дейді. Мемлекет көлік жүргізушілеріне өте тиімді бағада таптырмас мүмкіндік жасалғанын айтады.
Эдуард ЭДОКОВ, ТӘУЕЛСІЗ АВТОМОБИЛЬ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Кезінде көлікті бақандай 3-4 млн-ға рәсімдейтін. Ал бұл акцияның арқасында бар болғаны 300 мың теңгенің көлемінде ғана. Осындай жеңілдік жасалып жатса да түсініспеушіліктерін білдіретіні қалай?
Шетелдік нөмірлері бар көлік иесінің қайсысы болсын тәуекелге барғанын айтады. Ернұр Калелов былтыр жазда ресейлік тіркеудегі көлікті сатып алды. Оған алыпсатарлар пұлдаған. Көліктің ресейлік иесімен алып-сату келісім шарты болмағандықтан тығырыққа тірелуі мүмкін.
Ернұр КАЛЕЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Уайымдайды екенсің. Астыңдағы көліктен айырылып қалмаймын ба деп. Үміттену ғана қалды. Үмітті үзбейміз енді.Үмітіміз бар ПТС, ТТС деген машинаның документтары бар. Историясы бәрі таза. Оңымен шешіледі деп ойлаймын енді жақсылыққа ғана жорытып отырмыз ғой.
Жалпы Астана қаласы бойынша 26 мың шетелдік номер таққан көлік бар. Сырт елден әкелінген автокөлікті белгіленген уақытта заңдастырмаған жағдайда қандай жаза қарастырылатыны беліглі болды.
Бауыржан Тоқжұманов, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
Ол азаматтар ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Егер тіркеуге қойылмайтын болса ондай автокөліктерге сақтандыру полисі жасалынбайды. Сол себепті бұл автокөліктер коммуналдық автотұраққа қойылады.
23 қаңтардан бастап елімізге шетелден жеткізілген автокөліктерді заңдастыру науқаны басталады. Шетелдік көліктерді заңдастыру үшін 4 құжат керек. Ол өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік. Сондай-ақ көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Айта кетейік Халыққа қызмет көрсету орталықтарында әкімшілік полиция мен Мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері де болады.
М. Қалиасқар