Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда жол жөндеу жұмыстары үш бірдей ауылдың қозғалысына қиындық тудырып отыр

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2016
  • 3192

Жамбыл облысында үш бірдей ауыл халқы жол жөндеу жұмыстарынан азап шегіп отыр. Тұрғындар арнамызға осылай деп арызданды. Қарасу, Масаншы және Сортөбе ауылдарын басып өтетін күре жолда қозғалыс қиындаған. 15 шақырымдық жолдың беткі асфальт қабаттары қырылып, ортасына үйілген. Жұрт «күндіз-түні шаң жұтып отырмыз, үй-жаймыз да шаң-тозаңның ортасында қалды» деп отыр.

Үш бірдей ауыл атымен аталатын «Қарасу-Масаншы-Сортөбе» жол бағытындағы көрініс осы. Жолды жағалай қонған ел жарты жылдан бері қиналып отырғандарын айтады. Тұрғындар үйілген тас-шағалдардан үй-ішін қара шаң тұтып қалады деп күйінеді.

Маржан Жаманқараева, Жамбыл облысының тұрғыны:

Әп-әдемі, жап-жақсы болған. Оны алды да төңкеріп тастады. Кім жөндейді бұл жолды? Кім төсейді? Енді осы жолды жөндеуді сұрап отырмыз. Мектеп басталады жақында 10-15 күнде.

Серікқожа Шаймұратов, Жамбыл облысының тұрғыны:

Не смоласы жоқ, оны іздеген ешкім жоқ. Бір күні келді де, қазып тастаған. Кейін каток жүргіземіз деді, оның өзін бір ай іздеп жүр.

Наразы халық жауаптылар жөндеу жұмыстарын естеріне түскенде ғана жүргізеді дейді. Ал, «ЖамбылДорМостСтройСервис» серіктестігі басшылығы мұны жоққа шығарды.

Бақытжан Қырықбаев, «Жамбылдормостстройсервис» ЖШС басшысының орынбасары:

Жұмыс жүріп жатыр. Бізде 15 күн жаңбыр болды. 1 күн жауын жауады, 2 күн біз істей алмаймыз. Өйткені битум бар ғой, ол ылғалды материал болады да, оны қоспаймыз.  Одан кейін тазалап тұрамыз. Екі ай тұрдық қой, жұмыс істемей түнде. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Осылайша, жолға жауапты мемлекеттік мекеме қаржылық дағдарысқа қарамастан, үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз дейді. Алайда, соңғы кездері жиі жауған жаңбырдан жұмыстары саябырсып қалды дегенді айтады. Биыл, бұл жұмыстарға 190, ал келесі жылға 131 млн теңгеден аса қаржы бөлінген.

15 шақырымдық жолдың жартысы биыл күзде, қалғаны келесі жылдың қазан-қараша айларында толық аяқталмақ.

Бекежан Мамажанов, облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары:

321 млн 776 мың теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда «ЖамбылДорМостСтройСервис» серіктестігі жұмыс бастап кетті. Ал, енді шаңның көтерілуіне күнделікті водовоз жұмыс жасап еді. Ол жайында мен күнделікті қадағалап, екі күн бойы сонда болдым.

Шенеуніктер жөндеу уақытында жүріп жатыр деп отыр. Ал жұмыс барысына «ЖамбылЖолЗертхана» мекемесі сараптама жасап, қадағалап отырған көрінеді. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ