Русский Сайттың толық нұсқасы

«Сайлау - халықтың саяси мәдениетін арттыруда», - сарапшы

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2023
  • 1757

Енді Мәжілістің құзыретін Сенат атқарады. Күні кеше Мәжіліс таратылып, мәслихат депутаттарының өкілеттігі тоқтатылды. Президент палата төрағаларымен және Үкімет басшысымен кеңесе келе осындай шешім қабылдады. Кезектен тыс өткізгелі отырған сайлау науқанының ерекшелігі неде? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Биліктің барлық тармағын жаңарту жалғасып жатыр. Кезек Парламенттің төменгі палатасына келді. Президенттің саяси қадамдары қаққан қазықтай нық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формулаға негізделген. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Мәжіліс пен Мәслихат сайлауын өткізу бастамасын көтерген. Саяси науқанды ұзаққа созбады.

Уалихан ҚАЙСАР, САЯСАТТАНУШЫ:

Енді конституциядағы 55-баптың 5 тармағына сәйкес, мәжілістің құзыретін толық сенат атқаратын болады. Жаңа мәжіліс келгенше. Оған дейін сенат осы жұмысты атқаратын болады.

Алдағы сайлаудың ерекшелігі - жаңа әрі сапалы жағдайда өтетіндігі. Енді Мәжіліс депутаттарының 70%–ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер арқылы сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық сайлау жүйесіне көшті. Яғни әр депутат тікелей сайланады. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Партиялардың Мәжіліске өтуінің шекті кедергісі 7-ден 5%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Сарапшылар, бұл саяси ұйымдар арасындағы бәсекелестікті жоғарлатады, дейді.

Әмина ҮРПЕКОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Саяси белсенділік артады. Көппартиялық орнайды. Осы арқылы тіптен жаңа партиялар пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, өңірлерде саяси белсенділік басталады. Яғни өз өңірлерінен сайланған депутаттармен халық өзара тығыз байланыста болады. Жалпы саяси мәдениет көтеріледі.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында сайлаушылар 4 немесе 5 бюллетенде дауыс береді. Біріншісі, партия тізімі бойынша, екіншісі бір мандатты депутатына, үшіншісі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, ел астанасының мәслихаттарына сайланғысы келетін партиялар тізімі, төртіншісі кандидаттарға арналған, соңғысы барлық өңірге арналған мажоритарлық бюллетень. Осылайша, мегаполистерде 4 бюллетень, қалған өңірлерде 5 бюллетень болады

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Бәсекелестік күшейген жерде мықтылар топ жаратыны анық. Бұл бастамалардың барлығы еліміздің болашағын айқындайды. Саяси реформа сол жаңашылдықтың баспалдағы. Мұқым ел оң өзгерістер күтіп, сенімге селкеу келмейді деп үміттенеді. Президент те алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалатындығын айтты. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды екенін атап өтті.

Б. Сатуов