Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде тұрғын үйде жарылыс болып, төрт адам зардап шекті

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2023
  • 1074

Ақтөбенің Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында тұрғын үйде жарылыс болып, төрт адам зардап шекті. Жарақаттанғандардың үшеуі – ересек адам, біреуі – бала. Барлығы ауруханаға жеткізілген. Өңірден Бақыт Рахметова.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Оқиға түстен кейін сағат үштің шамасында орын алған. Сол сәтте үйде 4 адам болыпты. Үйдегі кішкентай 9,10 жастағы балалар мектепте болған көрінеді. Ал зардап шеккен төрт адам ауруханаға жеткізілген.

Сол күні құда шақыратын болып, үй иелері қызу дайындық жасап жатқан. Кенеттен гүрс еткен дауыс шыққан. Тұрғын үйдің төрт қабырғасы қирап, төбесі ортасына түсіпті.

Ербол ШӘКИЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ТУЫСЫ:

Мен үйден есікті ашып шығып келе жатқан адаммын ғой. Осы үйге қарай. Анау гүрс етіп құлағанда мені кейін қарай ысырып жіберді. Қайтадан аштым да атып шығып, мына жағынан барып қызымды алып шықтым.

Үйде болған төрт адамның да денесін күйік шалған. Дәрігерлер барлық зардап шеккендердің жағдайы орташа қалыпты деп отыр.

Бекболат ІЗБАСАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір бала 17 жасар «Ана және бала» орталығына хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Термикалық күйік диагнозымен. Қалған үш адам көпсалалы облыстық ауруханаға жолданды. Термикалық күйік 1, 2 дәрежелі, 10 пайыз зақымдануымен, жағдайлары тұрақты қазіргі кезде.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша газ ауа қоспасынан жарылыс болуы мүмкін.

Жарылыстың кесірінен отбасы баспанасыз қалды. Енді үй иелері ауруханадан шыққан соң қайда барары белгісіз.

Б. Рахметова