Русский Сайттың толық нұсқасы

Көктемгі су тасқыны Тобыл өңіріндегі тоқсан елдімекенге қауіп төндіруі мүмкін

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2023
  • 1962

Қар қалың, қауіп жоғары.Тобыл өңіріндегі тоқсан елдімекенді су басу қаупі бар. Тіпті шаһар шетіндегі шағын аудандар қар суының астында қалуы мүмкін. Өйткені бұл маңайда кәріз жүйелері әлі салынып біткен жоқ. Ал мердігер ұйымдар қаңтар айында қала сыртына 168 мың текше метр ақ ұлпа шығарған. Қалың түскен қардан қандай қауіп бар? Заңғар Санай сабақтайды.

Биыл қар былтырғыға қарағанда екі есе қалың. Әсіресе Тобыл өзені маңындағы жеке сектор ақ ұлпаға көмілді. Қауіпті аймақтар қатарында қаланың солтүстік-батыс бөлігі , «Қонай» мен «Дружба» тұрғын алаптары да бар.

Асылан МАХМУТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Су басу қаупі бар аймақта шамамен 404 тұрғын үй бар. 1500-ге жуық адам мекендейді. Бұл маңайды Әбілсай арқылы келетін қар суы басуы мүмкін.Тобыл өзенінен қауіп төніп тұр.Былтыр осы көшелердің бойындағы су өткізетін құбырлар тазартылды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Коммуналдық мекеме басшылары қалың түскен қардан қауіп бар екенін жасырмайды. Бірақ тұрғын үйлерді су басуға жол бермейміз деп сендіріп отыр. Қаупі басым аймақтар қатарында «Береке» және «Юбилейный» шағын аудандары мен Қостанай индустриалды аймағы бар. Былтыр бұл аумақта кәріз жүйелерінің жұмысы бітпей қалған.

Жауаптылар қаланы қардан тазартамыз дейді. Тапсырманы орындамаған мердігерлер мен тиісті мекеме басшылары тікелей жауап береді.

Марат ЖҮНДІБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл жұмыстарды қыс бойы аяқтауларыңыз керек. Осы жылдың көктемінде су ағар жүйелері іске қосылу керек. Әкімнің орынбасары және құрылыс бөлімі көктемге дейін дайын болады деп отыр. Естеріңізде болсын, ертең аудан тұрғындары суға батса өздеріңіз жауап бересіздер.

Қостанайда жүзден астам қар суын өткізетін жуан құбыр мен 96 суағар жүйесі бар. Тасқынға төтеп беретін 5 канал да тазартылды дейді мамандар. Ал облыс бойынша 90 елдімекенді су басу қаупі бар. Тасқынға тойтарыс беру үшін қандай шара атқарылып жатқаны белгісіз. Облыстық департамент басшылары сұхбат беруден бас тартты.

З. Санай