Русский Сайттың толық нұсқасы

Экс-депутаттардың есебінде қандай мәселелер айтылды?

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2023
  • 1729

Бүгін кей өңірлердегі қалалық мәслихаттың экс-депутаттары есеп берді. Халық қалаулылары осы уақытқа дейін қандай мәселелерді көтерді? Жұртты толғандырған түйткілдер шешімін тапты ма?

Астана мәслихатының экс-депутаты Алтыншаш Табулдина «AMANAT» партиясы қалалық филиалының «Болашақ» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті. Халық қалаулысы екі жылдық жұмысының нәтижелерін айтып, қорытындылады. Ол денсаулық сақтау саласы бойынша ғана емес, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді де билікке жеткізген.

Алтыншаш ТАБУЛДИНА, АСТАНА ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ЭКС- ДЕПУТАТЫ, №5 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Екі жылдағы бірге жасаған жұмыстарымызды талқыладық. Сол екі жылдың ішінде Көкталда көптеген мәселе шешілді. Қорғалжын саябағы ашылды. Халықтың өзінің ұсынысы, халықтың өзінің ескерткені солардың көңілінен шықты. Соған да мен өте қуаныштымын. Мен өзім 5 емханада бас дәрігер болғандықтан осы алаңның адамдарын көбін өзім танимын, жақсы білемін. Араласып тұру маған қиын болған жоқ.

Атырау облысында да «AMANAT» партиясы жанындағы «Кәсіпкер» бастауыш партия ұйымы мүшелері бас қосты. Құрылғанына екі жыл болса да, партия ұйымына бір мыңнан астам мүше топтасқан. Ұйым жетекшісінің айтуынша, бұл - «AMANAT» партиясы тарихындағы алғашқы саяси ұйым. Олардың қатарында 4 облыстық, 3 қалалық мәслихат депутат бар.

Әсел ЖОЛМҰХАНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АОФ ЖАНЫНДАҒЫ «КӘСІПКЕР» БПҰ ТӨРАЙЫМЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ЭКС-ДЕПУТАТЫ:

Біз «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асырумен жұмыс жасадық. «Өзгерістер жолы», «Жастар Отанға», «Жасыл ел», «Келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» атты бағдарламалар бойынша жұмыс атқардық. Қайырымдылық қорымен тығыз байланаста жұмыс атқардық. Спорт дамыту, дінді дамыту, оң дінді дамыту жастардың арасында, сонымен қатар аудандармен жұмыс жасадық.

Өскеменде «AMANAT» партиясының мүшелері, экс-депутаттар көпсалалы онкологиялық орталығының бастауыш ұйым мүшелерімен кездесті. Жиын барысында сайлауалды бағдарламаның барлық тармақтары орындағаны, құрылыс алаңдарында партиялық бақылау жүргізілгені айтылды. Одан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік мәселелер партия назарынан тыс қалмаған.

Арайлым ЕСІМБЕКОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Осы жұмыс жасаған депутаттардың жасаған жұмыстарының есебі берілді. Аз уақыт ішінде қандай депутаттық ұсынымдар берді, қандай өзекті мәселелер бойынша қысқаша тоқталып өтті. Және де осы жерде жиналған партияластарымыздың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс пен тілектері жинақталды.

«Алматы қалалық полиция департаменті – мегаполистегі ең жемқор орган». Бұл туралы «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері мәлімдеді. Бүгін олар да екі жылда атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Ерболат ҚАСЫМОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ЭКС-ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің 2021 және 2022 жылғы қорытындысы бойынша біраз отырыстар өткіздік. Біраз басқармалар, біраз департаменттер басшыларын тыңдадық. Бірінші орында әлі полиция департаменті. Әкімшіліктер, салық департаменті үштікте. Оның біраз себептері бар. Соның ішінде төмен жалақы.

Жиын соңында мәслихаттың экс-депутаттары халықты толғандыратын мәселелер басты назарда ұстайтындарын айтты. Сондай-ақ, қала тұрғындары депутаттарға сауалдар қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Ә. Дүкембаева