Алматыда қайырымдылық мекемесінің өкілдері жас қызды суицидке итермелеген. Қазір бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Ал полиция деректі растады. Қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Мөлдір Жақан анықтауға тырысты.
Әлеуметтік желіде тараған бұл бейнежазбада жантүршігерлік оқиғаның «Аманат» әлеуметтік балалар үйінде болуы мүмкін делінген. Алайда, аталған мекеме әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Айтуларынша, мұнда ешқандай заңбұзушылық болмаған және полиция қызметкерлері тек тексеріс жүргізуге келді дейді.
Азамат МҰҚАНОВ, «АМАНАТ» ӘЛЕУМЕТТІК БАЛАЛАР ҮЙІ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жалған ақпарат. Қазір полиция департаментінен келіп, тергеу жүргізіліп жатыр. Остановкадан бір кісі түсіріп, жалған ақпарат таратып жатыр. Біз оны міндетті түрде сотқа береміз. Оқиға «Ғазиза ана» деген мекемеде болған. Бізге қатысы жоқ.
Оқиғаның «Ғазиза ана» қайырымдылық мекемесінде болды дегенді ести сала, сол жаққа бет бұрдық. Алайда, биік қоршаудың ішінде орналасқан зәулім ғимараттың есігі құлыптаулы болып шықты.
Гүлжазира, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Көрші болып тұрамыз. Бұл мекемеге шағым түскенін естіген емеспін. Негізі, ауданымыз тыныш. Ондай шуды естімедім. Кішкентай балалар мүлдем көрген емеспін бұл жерден. Ересек қыз-келіншектер жүреді көбінесе.
Пансионатта жүргізілген тінтулер шетелдік діни әдебиеттер мен оқу материалдарының, оның ішінде Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған материалдардың бар екенін растады. Мекемеде кәмелетке толмағандарды күштеп діни жоралғыларға қатыстырған. Қарсы болған жағдайда оларды ас-судан айырған. Салдарынан 2005 жылы дүниеге келген жас қыз өзіне-өзі қол жұмсады. Оқиғаға қатысты ҚК-тің 105 - бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұл пансионаттарда тұратын кәмелетке толмағандар жүйелі түрде діни жоралғылар мен ұжымдық дұғаларға қатыстырылды. Бұған көнбеген балаларға тамақ, су бермеу арқылы жазалаған, кей жағдайда физикалық күш қолданылған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етілмейді.
Жас қызды суицидке мәжбүрлегендер анықталса, үш жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
М. Жақан