Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер кодексінің бірқатар нормаларына енгізілген мораторий 5 жылға созылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2016
  • 2844

Жер кодексінің кейбір нормаларына енгізілген мораторий 5 жылға созылуы мүмкін. Бес айдай жұмыс істеген комиссия мүшелері осы ұсынысты Президентке жолдамақ.  Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атыруда болып, Астанада 5 рет бас қосқан комиссия мүшелері аталған шешімді бірауыздан қолдап отыр. Өйткені жерді сату, жалға беруге келгенде біраз проблемар көлденеңнен шыққан. Біріншіден, жерді түгендеу қажет. Кімнің иелігінде қанша гектар бары анықталуы керек. Жердің кадастырлық құнын белгілеу, құнарлылығын анықтау секілді жұмыстарға, мамандардың айтуынша, кемінде 2 жыл қажет. Сондықтан тиісті мәлімет қорын жинақтап барып, бұл мәселені асықпай шешу ұсынылды.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

Қаралып отырған мәселенің маңызын ескере отырып, нақты дәлелді түрде жауап беру үшін, ауыл шаруашылығы мақсатындыға жерлерді түгендеу керектігі айтылды. Оған көзіміз жетті. Белгілі уақыт керегін ескере келе, мораторий мерзімін 5 жылға созуды негізді деп есептеп отырмыз. Осыған бүгін комиссия бірауыздан келісті.

Сондай-ақ, ел тұрғындарына жерді 49 жылға жалға беру институтын сақтау ұсынылды. Қолданыстағы жер теліміне 5 жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Тиімді игерілуі тексеріледі. Сондай-ақ жалға берілетін жердің шекті мөлшері белгіленеді. Танымал қоғам белсенділері мен үкімет мүшелерінен құрылған комиссия да жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бірақ олар Ауыл шаруашылығы министрлігіне өз ұсыныстарын білдіруге құқылы.

Мұхтар Тайжан, жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық жұмыс тобының жетекшісі:

Меніңше, бұл тұрғыда халыққа рахмет айтуымыз керек, себебі халық Отан сүюді көрсетті. Президентімізге алғысымызды айтуымыз керек. Өйткені халықтың ұстанымын, пікірін естіп, түсініп, мораторий жариялады, сосын комиссия құрды. Бұл өте орынды шешім болды. Бұдан бөлек, комиссия мүшелеріне рахмет айтқым келеді. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ