Тараздағы мемлекеттік жоғарғы оқу орнының бірінде оқытушы парамен ұсталды. Ол студенттерден емтиханнан еш кедергісіз өту үшін ақша талап еткен. Қызмет құнын 50 мың теңге деп бағалаған ұстаз, кабинетінде шәкірттерінен 200 мың теңге алып жатқан жерінен құрықталды. Студенттер 46 жастағы аға оқытушының жиі ақша дәмететінін айтқан. Құзырлылар бұл мұғалімді арнайы операция барысында қолға түсірген. 4 курс студенттерінен емтиханнан өткізу үшін әр қайысысынан 50 мың теңгеден сұраған. Бұл қаржыға қосымша 3 айлық тәжірибелік сабақтарын да тындырып беремін деп уәде етіпті. Күдікті қазір өз кінәсын толық мойындап отыр. Енді өңірдегі ең беделді мемлекеттік жоғарғы оқу орнының білімін саудаға салған ұстаз екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық бабы бойынша жауапқа тартылмақ. Жасаған қылмысы үшін оның мүлкі тәркіленіп, алған 200 мың теңгесі 10-нан 20 есеге дейін көбейтіп кері қайтару міндеттелмек. Немесе 3 жылдан 7 жылға сотталуы мүмкін.
Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қатысты қол хатпен босату туралы бұлтарпау шарасы қолданылды.
Б. Жұмабай