Русский Сайттың толық нұсқасы

Жедел жәрдем неге кешігеді?

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2023
  • 1808

Қазір қызу көтерер жұқпалы вирустар қозған шақта шұғыл шақыртулар шамадан тыс көбейген. Кей жағдайда «Жедел жәрдем» діттеген уақытта жете алмай жатады. Сондықтан сала қызметіне қатысты наразылық көп. Алайда бұл келеңсіздіктің астарында қандай гәп барын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Жедел жәрдем неге жедел жетпейді, Мерей Қалисасқар оның себебін айтады.

Елордалық Нұржігіт Өрболат 11 айлық қызының қызуы көтерілген соң, 103-ке хабарласқан. Бірақ, жедел жәрдем жедел жетпей, дәрігерлер әбігерге салған көрінеді.

Нұржігіт ӨРБОЛАТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сағат 3-30 кеткенде вызов тастадық, сағат 7-ге таман скорый келді. Скорый қызметкерлерінің айтуы бойынша оларда 12 сағат сайын смена ауысады екен, сол кезде түсті. Желіде қадағалап отыратын менеджерлер жұмысын неге жүйелі түрде қадағаламайды. Ауырып жатқан адамға келгенде, оларда бір ереже бар екен: сырт киімдерін шешпейді, аяқ-киімдеріне солай бахилы киіп алады да, үйдің ішін аралап жүре береді. Үйдің ішін қызымыз ауырғанда хлоркамен тазалап жуып қойдық, ал сыртқы киімде қаншама вирус болуы мүмкін.

 Жедел жәрдем қызметіне Нұржігіт ғана емес, көп адам наразы.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Менде бронхит ауруы болды. Аяғым ауыр бола тұра, қаладағы кез келген ауруханаға апарудың орнына, туберкулезбен ауыратын науқастардың жанына апарып тастады.

- Кешігетін кездері болады енді. Сосын қазіргідей грипп уақыттарында. Жедел жәрдем станциясы дамысын, техникалары жаңарсын.

Ал қалалық жедел жәрдем станциясының өкілдері шақырту өте көп болған кезде ғана кешігу болатынын айтады. Онан басқа себеп жоқ дейді. 80 бригада әрқайсысы күніне 15-тен аса шақыртуға барады.

Бота СӘДЕТХАН, ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Түскен шақыртудың саны кейбір сағаттарда кешкі 6-дан 12-ге дейін бар бригаданың санынан 2-3 есе көп болып кетіп жатады. Соған байланысты, өміріне қауіпсіз шақыртуларда осындай кешігулер болып тұрады.

Жолда неше түрлі жағдайлар болады. Кептелісте тұрады. Әрең жеткенде ауыр сөз естіп, кінәлі болып жатамыз дейді жедел жәрдем қызметкелері.

Рысдәулет РАХЫМБЕРДІ, ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ФЕЛЬДШЕРІ:

Бірінші жағдайда ол – жол. Кедергілер болады ғой, жолда тұрып қалу, пробка дегендей. Кейінгісі қыс мезгіліндегі жолдың тайғақтығы. Қаншама мигалка қосып, дыбыс бергеннің өзінде, өткізбей тұрып алатын адамдар да болады. Барған кезде үйдің алдындағы шлагбаумдар өте көп. Бір емес екі шлагбаум қойып қоятын кісілер болады. Оның біреуін ашса, екіншісін құлыптап қояды.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

Күніне мұнда 3000 нан аса қонырау түседі. Оның 60 проценті шақырту ретінде қабылданса, қалғанына консультациялық қызмет көрсетіледі. Негізінен түскі 2 мен түнгі 12 аралығында шақырту көп. Осы уақыт ішінде кешігудің алдын алу үшін қосымша бригадалар жұмылдырылады.

600 маман межелі нүктеге мезгілінде келуге асығады. Миллионнан астам адамның өмірі жедел жәрдемнің жеделдігі мен шеберлігіне тікелей байланысты.

М. Қалиасқар