Русский Сайттың толық нұсқасы

Туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 14-орынға көтерілді

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2023
  • 2328

Туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 14-орынға көтерілді. Бұл елге келушілер саны үш есеге артты деген сөз. Былтырдың өзінде Қазақстанға 610 мың турист келген. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов биыл туристер санын одан әрі арттыруды көздеп отыр. Толығырақ Аружан Задабек тарқатады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Елімізде көрер керемет пен табиғаты тамаша жер көп. Келемін деген туристерге мақтанып тұрып көрсете аласың. Десе де халық арасында демалыс орындарының бағасын қалта көтермейді деген пікірде жоқ емес. Сонда бір күндік демалыс қанша теңге тұрады?

Көптің көкейіндегі осы сұраққа жауап іздеп, бірнеше турагенттіктермен байланыстым. Таңдауым еліміздегі ең көркем өңір Бурабайға түсті. Бұл аймақта туристер үшін қолайлы жағдай жасалған дейді жұрт. Тек бір мәселе бар.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Ақшаңыз болса демалатын орынды шертіп жүріп таңдай аласыз. Жақсы, жағдай жасалған, жайлы жерге барғыңыз келсе, 50 мың теңгені қалтаңызға сала келіңіз. Бұл кемінде. Мұның өзі бір аптаға емес, тек қана бір-ақ күнге кететін ақша.

Иә, жасыратыны жоқ, мұндағы баға көптің қалтасын көтере бермейді. Осыны ескерген мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бұл мәселенің шешімін табамыз деді. Министр ел ішінде алынған тур құнының 20 процентін қайтару туралы ұсыныс айтты. Яғни, енді жолдама ресми туристік агенттіктен сатып алынса, белсенді емес маусымда кешбэк алуға мүмкіндік бар.

Асхат ОРАЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Министрлік осы туризмді дамыту мақсатында кеңес құрады. Ол кеңеске біздің қоғам қайраткерлері, осы саланың нағыз жанашырлары кіреді деген ниеттеміз. Сондықтан да кәсіпкерлерді шақырамыз. Бірлесіп осы өткір мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын бірлесіп шешеміз деген ойым бар. Керек болса, заңнамаға өзгерістер еңгізуге де біз ұсыныс білдіре аламыз. Министрлік тарапынан бұл біздің құзіреттігімізге кіреді. Сондықтан да ең алдымен сапасы жоғары болуы керек, жауапкершілік ортақ. Өйткені, ішкі туризмді дамыту мақсатында бұл бір министрліктің емес, ортақ елдің мүддесі деп түсінуге болады.

Пандемия туризм саласына да кері әсерін тигізбей қоймады. Әлемдік көрсеткіште еліміздің деңгейі төмендеп кетті. Десе де бұл динамика жыл өткен сайын қалыпқа келуде - дейді жауаптылар. Мәселен, 2019 жылы Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде 80-орында тұрса, 2021 жылы 66-орынға жайғасты. Ал, былтыр ел көрсеткіші жақсарып, 14-орынға көтерілді.

Ержан ЕРКІНБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Кейінгі 9 айда қазақстандық ішкі туристер саны 6,5 млн болды. 2022 жылдың қорытындысы 8 млн шамасында болады деп отырмыз. Бұл біздің 2025 жылға қойған көрсеткіш еді.

Туристік ағымның ұлғайғандығына байланысты орналастыру орындарында көрсетілетін қызметтер көлемі де артты. Қонақжайлар, демалыс орталықтары, қонақүйлер, хостелдер және басқа да орналастыру орындары 9 айда 130 миллиард теңге табыс тапқан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 50 процентке көп.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Туризм – ел болашағы. Оны дамыту арқылы әлемге таныламыз, көкке өрлейміз. Қазақтың кең байтақ даласын бүкіл жаһанға таныстыру сіз бен бізге ортақ міндет.

ТУРИЗМНІҢ ЖАҺАНДЫҚ РЕЙТИНГІ:

2019 ЖЫЛЫ - 80 ОРЫН

2021 ЖЫЛЫ - 66 ОРЫН

2022 ЖЫЛЫ - 14 ОРЫН

А. Задабек