Русский Сайттың толық нұсқасы

Сапасыз тұрғын үй, LRT құрылысы, емханадағы кезек: Президент елордадағы өзекті мәселелерді жіпке тізді

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2023
  • 1148

Астанада шешілмеген түйткіл көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы өзекті мәселелерді жіпке тізді. Әсіресе, LRT құрылысы мен сапасыз салынған тұрғын үйлерді сынға алып, олармен күресу маңызды екенін айтты. Сапасыз интернетті жүйелеп, жұмыссыз жастарға жағдай жасауды тапсырды. Елорданы дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңес отырысында Мемлекет басшысы қандай тапсырма берді? Аружан Задабектің материалында.

Астанада көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Салдарынан, қала тұрғындары кептелістен көз ашпайды. Осылай деген Мемлекет басшысы елордада салынып жатқан көпір құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қалада 200 үй тұруға жарамсыз. Қазір Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алайда 5 жылда көшедегі ескі үйлердің 14 проценті ғана бұзылған. Халық ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Тіпті, кейбір тұрғын үйлер жылумен де қамтылмаған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Сондай-ақ 360 астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет.

Сондай-ақ, Президент Астанада салынып жатқан жаңа ғимараттарды да сынға алды. Қаланың келбетін сақтап, ең үздік сәулет үлгілерін қолдануды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды.Салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп. «Артем» және «Тұлпар» сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Қазір ауланың бәрі автокөлікке толы. Салдарынан, халық балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Сондықтан Президент көлік тұрағы жоқ үйлердің салынуына тыйым салды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті.

Президент қаладағы медициналық қызметті де сынға алды. Елорда тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өскен. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханада кезек көп, перзентханада орын тапшы – деді Мемлекет басшысы. Бұл - Елорда үшін ұят екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Пайда табуды көздеген жекелеген ауруханалар мүмкіндігі бола тұра кейбір дәрігерлік қызмет көрсетуден бас тартып жатыр.

Сондай-ақ, Астанада жылу, су, мектеп, балабақша және аурухана тапшылығы бар. Біраз жерде интернеттің сапасы нашар. Жастар арасындағы жұмысссыздық деңгейі де артып барады. Мемлекет басшысы жоғарыда айтылған барлық мәселелерге айрықша назар аударып, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

А. Задабек