Солтүстік Қазақстанда әйелді атып өлтірген орманшыға қатысты сот үкімі шықты. Атышулы оқиға өткен жылдың шілде айында болған еді. Бауман ауылының учаскелік полицейімен бірге заңсыз аңшылыққа шыққан орманшы абайсыздан жануарды адаммен шатастырып, атып жіберген. Артынша қансырап жатқан әйелге бірден көмек көрсетпесе керек. Салдарынан оққа ұшқан ауыл тұрғыны қан жоғалтып, қайтыс болды. Елді елең еткізген оқиға немен аяқталды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин айтады.
Орманшы мен учаскелік полицейдің бейжайлығынан бұқараның төбе шашы тік тұрды. Сергей Лосеня әйелді атқан соң оған дереу көмек көрсетудің орнына, тәртіп сақшысымен бірге мылтықты тығуға кіріскен. Ал біршама уақыт өткеннен кейін жәбірленушіні ауылдық медициналық бекетке апарған. Фельдшердің алғашқы көмегінен кейін, аудандық ауруханаға бара жатқан жолда Алтынай Мұздақбаева көп қан жоғалтып, қайтыс болды. Араға жарты жыл салып, сот бұл оқиғаға нүкте қойды.
Азамат ДҮЙСЕНОВ, СҚО МАМЛЮТ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сот ҚР қылмыстық кодексінің 104 бабы бірінші бөлімі бойынша Сергей Лосеняні кінәлі деп тапты. Айыпталушы 3 жыл ортақ режимдегі колонияда жазасын өтесін. Бұдан бөлек, марқұмның туысқандарына моральдық өтемақы ретінде 3 миллион теңге төлеуі тиіс.
Марқұмның баласы соттың бұл шешімімен келіспейді.
Алтынбек САЙЛАУОВ, МАРҚҰМНЫҢ БАЛАСЫ:
Адамның өмірі бағасыз болып кетті. Айыртау ауданында аңшылар елікке аңшылыққа шығып, 6 жылға сотталып жатыр. Ал мына жерде адам өлтіріп, адамның жанын алып, үш жылға сотталған дегенді мен білмеймін.
Ал марқұмның жолдасы Ғалымжан Мұздақбаев әйелін Сергей Лосеняның емес, учаскелік полицейдің қолынан қаза тапты деп есептейді.
Ғалымжан МҰЗДАҚБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ЖОЛДАСЫ:
Лосеня менде жұмыс істеді. Оны пенсияға шығарған мен. Өзімнің шоферым болды. Оны мен жақсы білемін. Ол ата алмайды. Наверное ол ұйықтап жатты. Ал атқан оны Қабай. Участковый әрдайым аңшылыққа шығып жүрді. Оны ауылдың бәрі біледі.
Ал учаскелік полицей Қабай Әлтеевтің ісі бөлек қаралып жатыр. Тәртіп сақшысы қызмет барысында бейжайлық танытқаны үшін жауапқа тартылған. Бұл іс бойынша сот үкімі бірер күнде жарияланбақ.
А. Құрманкин