Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде тыйым салынған "газды шарлар" еркін саудаланып жүр

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2023
  • 2187

Соңғы кезде жастар арасында "шаттандырғыш шарлар" сәнге айналды. Түнгі клубтар мен мейрамханаларда ол еркін сатылып жатыр. Ал мамандар бұл өте қауіпті дейді. Жастардың санасын бұзып, ағзасын улайды. Егер зиянды болса, неге ол шар ашықтан ашық таралуда? Бұл сұрақтарға тілшіміз Сүндет Оралбеков жауап іздеді.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Мейрамханалар мен түнгі клубтарға барсаңыз, қолына шар алып, сол шарды қайта-қайта үрлеп, көңілді жүрген жастарды көрген боларсыз. Бірақ, бұл - сіз ойлаған шар емес. Ішінде ауаның орнына азот тотығы мен химиялық қоспасы бар, улы шар.

Адам аз мөлшерде диазот оксиді араласқан ауамен демалса ауырған жерін сезбейді, сондықтан оны медицинада жеңіл операция жасау үшін қолданады. Ал бұл қазір желіккен жастар үшін -ләззат. Одан есеңгіреп естері кетеді, кейін сана-сезімін билей алмайтындай хәлге түседі. Әлібек есімді бұл жігіт улы шарды ең алғаш екі жыл бұрын қолданып көрген. Содан бері тәуелділігін тыя алмай, зардап шегіп келемін дейді.

Әлібек, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қоямын-қоямын деймін каждый раз. Бұл енді азарт сияқты нәрсе ғой. Бұрынғыдай жүгіре алмаймын мысалы. Енді мұндай нәрсені заңмен алып тастаса, заңмен тиым салса дұрыс болатын еді.

Газды шарды табу қиын емес. Желіде жарнамасы жер жарады. Бағасы да қалтаны қақпайды. Ғаламтордағы сатушылардың бірімен тілдесіп көрген едік, көп алсаңыздар жеткізу қызметі тегін, тіпті сертификаты да бар деді.

Шар уақытша шаттандырғанмен, жүректі құртады. Соңы өліммен аяқталуы мүмкін дейді дәрігерлер.

Меруерт БАУЛЫ, НАРКОЛОГ:

Азот аксидін адам жұтынған кезде, ол организмге түскен кезде ол көмірқышқыл газына айналады. Көмірқышқыл газына айналғаннан кейін организмде дозасы өте көп болған жағдайда гипоксияға әкеледі. Гипоксия Миға оттегі жетіспеген жағдайда инсульт болу мүмкін. Миға қан құйылулар болуы мүмкін.

Елімізде улы газ еркін саудаланып жүр. Заңгердің айтуынша, алдымен бұл қоспаға экспертиза жасау керек. Сосын тыйым салынуы керек.

Бауыржан СЕРАЛИН, ЗАҢГЕР:

Психотропты психикаға белсенді әсер ететін заттар былай белгіленеді. Бұл – бір рет қабылдағанда адамның психикалық және тәндік функцияларына, мінез-құлқына кері әсер ететін, бір рет қабылдағанда. Ұзақ уақыт тұтынған кезде психикалық және тәндік тәуелділік туғызатын. Орысша айтқанда зависимость.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Шаттандырғыш шардан опық жемес үшін мамандар мектептер мен университеттерде жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген дұрыс дейді. Себебі, диазот оксиді араласқан ауадан алған әрбір дем соңғы болуы мүмкін.