Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облысында газ қымбаттады

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2016
  • 2595

Батыс Қазақстан облысында сұйылтылған газ бағасы қымбаттады. Мұны мамандар газ өндіруші зауыттың сұйық отынды құю бағасын қымбаттатқандығымен байланыстырады. Осыған дейін хабарлағанымыздай, тамыз айының басында өңірдегі екі ірі газ жеткізуші кәсіпорын - "Тәуекел" және "Алау" компаниясы газ бағасын өсіру туралы ұсыныс түсірген еді. Жеткізушілердің өтініші қанағаттандырылды. Монополияларды реттеу агенттігі газ бағасын, қосымша құн салығын қоса есептегенде, 53,95 және 54,13 теңге аралығында бекітті. Ал бұған дейін Оралда газдың литрі 39 теңгеден іркіліссіз сатылып келген еді. 

Клара Әлиева, БҚО бойынша ТМРА департаменті басшысының орынбасары:

«Жайықмұнай» компаниясы газды құйғаны үшін де ақы сұрап отыр. Бұл газ бағасының қымбаттауына әсер етті. Қазір біз олардың бұл талабы қаншалықты заңды екендігін тексеріп жатырмыз, тексеру нәтижесі екі айдың ішінде белгілі болмақ. Егер "Жайықмұнайдың" бұл әрекеті заңсыз болып шықса, газдың қайта арзандауы мүмкін.

Шымкентте де сұйылтылған газ бағасы 60 теңгеге жетті. Тамыз айының басында оның құны 55 теңге болатын. Көптеген газ құю бекетінде экологиялық отынның бұл түрі біраздан бері жоқ. Көлік жүргізушілері аймақта тапшылық маусым айынан бері байқалып тұрғанын айтады. Ал сарапшылар қымбаттаудың бір себебі - автокөлік жүргізушілері тарапынан сұйылтылған отынға сұраныстың күн санап артып отырғандығымен байланыстырады. 

Қайыпбек Қамбаров, ОҚО жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы:

Біздің қажеттілігіміз әлі белгісіз. Неге десеңіздер, күннен күнге көліктер көбейіп жатыр, бірақ осы біздің зауыттан Шымкенттегі 6 мың тонна газ шығарылады екен айына. Ол қазіргі таңға жетіспей жатыр. Әрине, күн сайын машина көбейгеннен кейін қалай жетеді.   

Еркін КАРИН