Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан зілтеміршілері халықаралық сайыстардан 1 жылға шеттетілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2016
  • 2828

Рио ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір алтынмен толығуы тиіс. Бүгін түнде 25 жастағы Данияр Елеусінов финалда ел намысын қорғайды. Қарсыласы - өзбек боксшысы Шахрам Гиясов. Сондай-ақ, олимпиаданың 12-ші күнінде еркін күрес пен таэквондодан алғашқы айналым басталғалы отыр. Мұнда да фавориттеріміз бар.

Ал  қоржынға 5 медаль салып, сайысты сәтті аяқтаған зілтеміршілерге қатысты допинг дауы тағы жалғасын табатын тәрізді. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян Қазақстан құрамасын 1 жылға сайыстардан шеттетілетінін "Ahram Online" басылымына мәлімдепті.

Кеше Рио төрінде қазақ құрамасы ойынды сәтті аяқтағаны сол еді, енді бүгін батыс жақтан осындай ағымсыз ақпардың легі есіп отыр. Оған себеп - халықаралық ауыл атлетика федерациясының президенті Томаш Аянның «Ahram Online» басылымына берген сұхбаты.

Томаш Аян, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті:

«Рио ойындарынан кейін қатарынан бірнеше елдің ауыр атлетика құрамасы ойыннан шеттетіледі. Оған кепілдік беремін. Олар - Ресей, Қазақстан және Беларусь

Томаш Аян бұл Халықаралық федерацияның жаңа ережесіне сай енгізіліп жатқан шешім екенін айтыпты. Яғни енді қатарынан екі олимпиада ойынында кемі 3 спортшыдан допинг анықталса, ол елдің құрамасы бірден 1 жылға сайыстардан шеттетілуі тиіс. Әзірге ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ал қоржынымызға - 1 алтын, 1 күміс пен 3 қола салған қазақ зілтеміршілері бірер күнде елге оралады деп жоспарланған.

Бүгін сондай-ақ, қазақ жанкүйерлерін қуантқан жаңалық та бар. Яки Василий Левиттің күмісі елде алтынмен теңестірілетін болды. Қазақстан бокс федерациясы осындай шешім қабылдаған. Әрине, бұл тікелей сыйақыға ғана қатысты. Сөйтіп, Василийге 250 мың доллар жүлде қоры берілмек. Әйтпегенде күміс медаль әкелген спортшыға 150 мың доллар тігілген еді.

Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі:

Жекпе-жегінде көрсеткендей, Василий шынында да бокста ең беделді  деген сарапшылардың жоғары бағасына лайық екенін танытты. Ең бастысы - жанкүйерлердің құрметіне бөленді. Василий Левит елдің, Қазақстан бокс федерациясының, жалпы бапкерлер құрамының үмітін ақтады. 

Ал кешегі жарысты түйіндесек, спорттың 3 түрінен 7 саңлағымыз қатысты. Тек бесеуі жеңіліс тапты. Соның бірі - 51 келе салмақта бокстасқан қызымыз Жайна Шекербекова француздық Сара Урамунге 3:0-мен есе жіберіп қойды. Есесіне, үмітті екі боксшы жігіт ақтады. 81 келі салмақтағы Әділбек Ниязымбетов британдық Джошуа Буатсике 3 раундта да соққы жасап, финалға шықты. Енді ол 19-ы күні кубалық 3 мәрте әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Круспен алтын үшін жекпе-жек өткізуі тиіс. 26 жастағы Иван Дычко ширек финалдан сүрінбей өтті. Қарсыласын ойсырата жеңген спортшы британдық Джо Джойсоммен жартылай финалда 20-сында кездеседі. Ал бүгін түнде ақтық сынға 25 жастағы Данияр Елеусінов түседі. Өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен алтынды сараптайды. Бұдан бөлек, қыздар арасындағы бокстан 71 келі салмақ дәрежесінде ширек финалға Дариға Шәкімова шығады. Әзірге Қазақстан құрамасы - 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен жалпы командалық есепте 20-шы орында тұр.  

Құралай ПИОНЕР