Русский Сайттың толық нұсқасы

Билет бағасына бөлінген субсидия вагон сатып алуға және іссапар шығындарына жұмсалған

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2016
  • 2610

Темір жол билеті бағасының қымбаттап кетпеуіне бөлінген субсидия вагондар сатып алуға және іссапар шығындарын жабуға жұмсалған. Бүгін Есеп комитеті аудиторлық тексерістің нәтижесін жариялады. Комитет төрағасының айтуынша, 2014-15 жылдары бөлінген субсидияға "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы 80 вагон сатып алған. Оның құны 17,5 млрд теңгені құрайды. Қозы-Көрпеш Жаңбыршинның айтуынша, мақсатсыз жұмсалған қаражат тарифтердің өсуіне тікелей әсер етеді.

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, ҚР Қаржы министрлігі есеп комитетінің төрағасы:

Мында субсидия әлеуметтік маңызды бағыттардағы жолаушылар шығынын өтеуге арналған деп тайға таңба басқандай жазылған. Субсидия вагон сатып алуға жұмсалуы тиіс деген сөз жоқ. Оның ішінде 17,5 млрд теңгеге.

Берік Қамалиев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

Әлбетте, біз бұл сұрақтарды Экономика министрлігі, Қаржы министрлігімен келістік. Олар мақұлдады. Қаржы вагондар паркін жаңартуға жұмсалды. Жаңа вагондар болмаса, кез келген тасымалдаушы жолаушыға жағдай жасап, өз шығынын өтей алмайды. Ескі поезға ешкім отырмайды.

Ал әлеуметтік желіде тарап кеткен мына суреттен кейін, Атырау учаскесінде 3 теміржолшы жұмыстан қуылды. Алматы-Атырау бағытындағы поезға қатысты бұрын да бірнеше рет шағым түскен, - дейді басқарма төрағасы.

Нұрдәулет Қилыбай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы:

Әлі анық-қанығына жетпесек те, кеше Атырау учаскесінің бастығын жұмыстан босаттық сол үшін, поез бастығын жұмыстан босаттық, жолсерікті күні кеше жұмыстан босаттық. Орнына басқа адамдарды тағайындадық.