Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаты Сергей Дьяченко жер қойнына тапсырылды

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2016
  • 2744

Ауыр дерттен көз жұмған Мәжіліс депутаты Сергей Дьяченко жер қойнына тапсырылды. Бүгін Астанада Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Сергей Дьяченконы ақтық сапарға шығарып салуға жақындары, әріптестері және қарапайым халық көптеп жиналған. Рәсімде сөз алған азаматтар оның жарқын бейнесі ел есінде мәңгі қалатынын айтты.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Біз осы оқиғадан екі апта бұрын достар ретінде әнгімелестік. Сергей Александрович маған алда не күтіп тұрғанын білемін, бірақ тағдырыма көнемін деді. Онымен қатар ол мен бақытты адаммын деді. Себебі жақындарым, достарым бар, ал бар өмірімді халқыма арнап кетемін деген еді.

Сергей Дьяченко 1952 жылы 18 қыркүйекте Ақмола облысының Шортанды елді мекенінде дүниеге келген. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін халыққа қызмет етуге арнады. Мәжілістің бірнеше шақырылымының депутаты ретінде заң шығарушы органның жұмысына елеулі үлес қосты. Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Ерен еңбегі үшін әрі жылдары жоғары наградалармен марапатталған. Марқұмның артында жары, 3 баласы мен немерелері қалды.