Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен үздік бастапқы партия ұжымы байқауы өтті

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2016
  • 2909

Шығыс Қазақстан облысы «Нұр Отан» партиясының филиалы республикалық конкурста өнер көрсететін үш бірдей бастауыш партия ұйымын таңдап алды. 322 партия бөлімі бар аймақта шын жүйрікті анықтау оңайға түспепті. Финалға тек 40 ұжым шыққан.  Әр партия бөлімі өз ұжымдық жұмыстарын ортаға салған. Онда облыстық және республикалық акциялардан өзге әркімнің өз жаңашылдығы да есепке алыныпты. 100 адамға дейінгі партия ұжымының ішінде «Орел» ЖШС жеңіске жетсе, 100 адамнан 500 адамға дейінгі байқауда Көкпекті аудандық №1 орталық сайлау округі жеңіс тұғырынан көрінген. Ал, құрамы 500 адамнан көп партия ұжымына Белогор кен-байыту комбинаты лайық деп танылған.

Барлық жеңімпаздар дипломдармен қатар құнды сый-сияпатпен марапатталды. Үздік жобалар арасында «Қан тапсырып - жан сақтау», онымен қатар таза қала, таза аудан, таза аула сынды қоғамды бірлікке бейімдейтін акциялар да бар. Былтыр республикалық деңгейде үздік шыққан Өскемен өңірі биыл да сол нәтиежені көрсетуге ниетті. Топ жарып шыққандар аймақ атын республикалық байқауда қорғайтын болады.

Әнуарбек Мұхтарханов, Шығыс Қазақстан облыстық «Нұр Отан» партиясының бірінші хатшысының орынбасары:

Бұған біздің облыстың 20 ауданының барлығы қатысып отыр. Арнайы комиссия барлығын қарап шығып, нәтижесін шығарған. Былтырғы жылы біздің Өскемен қаласының Орел деген бастауыш партия ұйымы Республика бойынша 1-орын алған, биыл да жүлделі орын алады деп ойлаймыз.

Майраш Екібасова, Өскемен қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші хатшысы:

Бір қуантарлығы - Өскемен қаласы осындай жоғарғы жетістікке жеткен. Алайда мұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Алда бірнеше маңызды акцияларымызды жүзеге асырып, қоғамды бірлікке тартудамыз. Бұл мені ерекше қуантады.