Русский Сайттың толық нұсқасы

Күлекбаев «Айдан» түскен жоқ...

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2016
  • 2091

Руслан Күлекбаевқа судья өлім жазасын кесті. Бүгін біз оның психологиялық портретін сипаттап, ол сияқтылардың ... «Айдан» түспегенін баяндаймыз. Алдымен мынадай сөзбасы:

Шілденің 18-де Күлекбаев Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі, ҰҚКД мен салық департаментінің ғимараттарын шабуылдап, құқық қорғау органдарының 9 қызметкерін өлтірген. Содан бір күн бұрын жезөкшені ажал құштырған.

Айналдырған жарты сағатта құқық қорғау органдарының 9 қызметкері мерт болды. -Терористік шабуылға солардың өзі дайын емес пе?- деп шошисың. 

Рүстем Қайдаров, генерал-майор, ҚР Генералдар алқасының төрағасы:

Мен ойлаймын, ситуацияға бұлар дұрыс баға бермеген. Арлан, Ұлттық ұлан – гвардияны үйретіп жатсақ, осындай ситауцияларға. Полицейлер түгел ондай оқудан-обучениеден өтпеген деп ойлаймын. Осы сияқты ситуацияларға үйретілсе, мұндай жағдай болмас еді.

Сонымен, Күлекбаевқа өлім жазасы кесілгесін құқықтанушылар, адвокаттар, саясаткерлер оның қалай орындалатыны, дәлірегі - орындала ма? -деген сауал төңірегінде пікір таластырды. Себебі елімізде өлім жазасына мораторий жарияланған.

Негізі, елімізде өлім жазасына мораторий жарияланғаннан бері 31 адам сондай жазаға кесілген. Бас прокуратураның хабарлауынша, ешбірі орындалмаған. Яғни Күлекбаев 32-ші. Ол да бір кісілік камерада отырады – егер мораторийдің күші жойылмаса.

  Таратыңқырап айтсақ, дәлірек айтсақ - мораторий енгізілгенге дейін өлім жазасына кесілген 26 адам отырған. Мораторий енгізілген 2004 жылдан 2006 жылға дейін тағы 5 адамға өлім жазасы кесілген. Ол үкімдердің бәрі тоқтатылған. Бұдан кейін - Күлекбаевқа дейін аталған жаза түрі ешкімге тағайындалмаған. 2007 жылы  өлім жазасына кесілгендерге Президент Жарлығымен рақымшылық жасалып, өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылған. Айта кететіні, олар ешқашан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жатпайды.

Ал мораторий туралы әңгіме шығып, енгізілгенше өлім жазасы бойынша 500 адам атылған. 

Күлекбаевқа байланысты сот шешімінің орындалып-орындалмайтыны әрине, маңызды – өлтірген адамдарының туысқандары үшін, сосын еліміздің гуманизм принциптеріне байланысты позициясын өзгертіп-өзгертпеуіне орай. Әрі қарай гуманизм саясатқа ауысып кете береді. Жә, ол ұзақ әңгіме. Жалпы, адамды өлтіру жазасы бойынша адамзат пікірі бір арнаға тоғыспайды. Мысалы, баласын біреу өлтіріп кетсе, қылмыскердің де өлгенін қаламайтындар қанша екен... Және ойлау бар да, нақты бастан кешу бар ғой... 
 Ал  негізгі айтпағымыз мынау: Күлекбаевтың сот процесі кезіндегі өзін ұстауы, үкімді сабырмен тыңдауы көпшілікті тіксінтті. Алдымен адвокатын сөйлетейік -  оның қайта шағымданбайтынын айтады. Тіпті аппеляциялық арыз жазамыз ба,- дегенде мырс етіпті.

Ғабит Құсайынов, Күлекбаевтың адвокаты:

Аппеляциялық шағым жазамыз ба дегенімде, күлкімен «жоқ» деп жауап берді. Еш өкініп отырған жоқ.

Миығынан күлуді саясаттанушылар былай жіліктейді:

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Сот процесі кезінде Күлекбаевтың ұяты қысып тұрмағаны, оның тіпті өкінетіні байқалмады. Оның өзін ұстау мәнері істегенін түйсінететін көрсетті. Өзінің пайымынша «дұрыс істедім» деп тұрды. Бұл іш тартқызады. Себебі биліктің позициясы бойынша ол өкінуі керек еді. Өлім жазасына кесілгені де сондықтан шығар –айылын жимағасын.

Күлекбаев Айдан түскен жоқ. Қорқыныштысы – қоғамда күлекбаевша ойлайтын басқалардың да бар екені. Ал ең қорқыныштысы олардың қанша екенін, жоспарларын білмейміз.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Ол Айдан құлап түскен жоқ ғой. Ол қазақстандық қоғамның мүшесі. Ол ұзақ уақыт дайындалды. Ол системаға ғана «мен мұндамын» деген жоқ. Ол адамдық моральға қарсы шығып тұр. Яғни ол үшін мораль жоқ. Ал оның осы қоғамда өскенін есептесек, ондай адамдар аз емес болғаны ғой. Күлекбаев сияқты көбейсе, бәріміз үшін қауіп күшейеді. Олар үшін адамның өмірі түк емес...

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Белгілі-бір дәрежеде ол гипноз бола ма, зомбилік бола ма, миын шайқалтып жібере ме, ондай да технологиялар бар. Ең бастысы олар өзінің енген тобының, сектасының айтып жұрген ұрандарына толық беріліп, қалғанының бәрі – оның ішінде Алланың берген өмірі екінші дәрежелі болып қалады. Қылмысқа барғанда да сондай сезіммен барған. Менің ұстанып отырған тұғырым дұрыс, ақиқат жолы осы, деп ешнәрседен қаймықпау, оның ішінде өмірімнен айырылсам да деген, бір қорқыныштан ада болу... ондай азаматтар бір-екеу немесе он емес.

Расул Жұмалы себеппен емес, салдармен күрестің мағынасыз екенін айтады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Алдын алу дегенде көбіне басымдық берілгені бұл – күштеу, басу, қысым жасау, жауапқа тарту, тағысын тағы. Шектен шыққан қозғалыстарды тежеу үшін мұндай да керек шығар. Бірақ дәл мүндай әрекеттермен мәселені шешуге болады дегенге мен сенбеймін. Себебі бұл әрекеттер салдар мен нәтижелермен болып отырған күрес. Ал салдар дегеніміз не? Бұл діни сауатсыздық, жастардың түрлі әлеуметтік кеселдері, жұмыссыздық, бүгінгі тіршілікке ілеспей қалуы, содан арып-ашуы. Оған басқа баламаларды іздеуі. Бүгінгі зайырлы қоғамда сұрақтарының жауабын таппауы нәтижесінде жаңағыдай жастардың кертартпа қозғалыстардың соңынан кетуі.

Және жұмыссыздық, жемқорлық, әділдіктің жоқтығы сияқты алғышарттар сақталғаннан кейін ашынған, күштік жолды таңдаған азаматтардың саны өсуі әбден мүмкін, - дейді.

 Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөзде болып қайтқан меншікті тілші Ирина Якунина сол жердің имамы мен қоғамдық ұйымдары аудан тұрғындарын қатарларына тартатын радикалды топтарды тоқтатуға әйтеуір әрекет етіп жатыр,- деп оралды. Мешіттің жанынан жастар орталығын ашқан. Имам Думан Сайфулин Египеттен арнайы оқып келіпті. Айтуларынша, салафизмды ұстайтын 80 адамның 12-сі райынан қайтқан. Негізі Аягөз, радикалдық ағым жетегіндегілер көп аймақ деп есептеледі. Бірнеше ай бұрын ауданда радикалды әдебиет таратып, жұртты өздерінің бағытына үгіттеп жүрген, тіпті ДАИШ құрамында соғысуға шақырған бірнеше тұрғыны ұсталған. Ауданда қазір арнайы карта да жасалған. Онда жаңағыдай насихатшылар белсенді қимылдайтын мекендер белгіленген. Олардың уағызы құлағына майдай жаққандарды бірден байқау мүмкін емес, бірақ.   

Думан Сайфулин, Аягөз ауданының бас имамы:

Бізде де Аягөзге қарасты иманды жастардың басын қосып, неше түрлі қайырымдылық шаралары, спорттық шаралары сияқты шаралар ұйымдастырып жатқан жайымыз бар.  

Салафизм ағымындағыларды киім киісі, бет-әлпетінен байқауға болады, деп ойлайды кейбіреулер. Алайда олардың көбі кім екенін жасырып бағады. «Намазды дұрыс оқымайсыңдар» деп мешітте жанжал шығара салатын олар – Аягөзде де сөйткен, қазір монтансып қалған. Қорқыныштысы олардың өстіп, «сабырға» түсуі. Ең қорқыныштысы – радикалды бағытты олардың әйелдері мен балаларының ұстайтыны...