Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясы мүшесі Абай Тасболатов Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен барды

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2016
  • 2578

Дағдарысқа қарамастан, Теріскейдегі «Мұнаймаш» зауыты өндіріс әлеуетін арттырып отыр. Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен барған мәжіліс депутаты Абай Тасболатов алпауыт кәсіпорынға осындай баға берді. «Нұр Отан» фракциясы мүшесінің назарына іліккен заманауи өндіріс ошағы мұнай бұрғыларына арналған бөлшектерді шығарумен айналысады. Кәсіпорында екі ауысым бойынша 150 маман еңбек етеді. Оның тең жартысы жастар. Компания дуальді жүйе бойынша жергілікті білім ордаларымен тығыз қарым-қатынас орнатуды жолға қойды. Олар оқу орындарына білікті мамандарға тапсырыс беруді әдетке айналдырған. Зауыттың қарқынды дамуына тәнті болған мәжілісмен жұмысшылардың өтініштерін тындады. Жиналғандар жуырда қабылданған Жер кодексіне енгізілген 5 жылға дейінгі мораторий мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жер кодексі, мынау мораторий дейді ғой, халықтың пікірі, олардың жағдайлары, бізге қандай ұсыныс береді екен - сондай-сондай сөздер болды. Ол жер мәселесі оңай емес. Халықтың, былайша айтқанда, өзінің пікірі бар. Оны жұмыс бойынша біз жөнді ойлап, дұрыстап шешімге келеміз деп ойлаймын.

"Мұнаймаш" зауыты жылдан жылға өндіріс көлемін арттырып келеді. 2012 жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында 1,5 миллиард теңге көлемінде несие алып, өндіріс цехын жаңартты. Тозығы жеткен 85 қондырғыны қылауы түспеген 12 кешенге алмастырды. Осының арқасында өнім көлемі 60 пайызға дейін ұлғайған. Нәтижесінде шетелдік компаниялармен бәсекелес болуға мүмкіндік туды. Қазір өндіріс ошағы дайын өнімді экспортқа  шығаруды қолға алып отыр.

Спартак Пушкарев, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:

Біз биыл жалпы құны 45 миллион теңге болатын тауарды Ресейге экспорттадық. Ал қазақстандық компанияларға 2 миллиард 600 мың теңгенің өнімін саттық. Зауыт үздіксіз жұмыс істеуде. Жаңа қондырғылардың арқасында келісімшарттың талаптарын уақытында орындауға мүмкіндік туды. Осының арқасында тапсырыстар көп. Тіпті кей кәсіпорындар келесі жылға да жоспар құрып жатыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН