Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысындағы екі фермерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2016
  • 2983

Тобыл өңірінде сарып індетінің жаппай таралуына жол берген шаруаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай хабарлады.

Екі ай бұрын Қостанай облысы Қарасу ауданында 392 бас ірі қараның бруцеллезге шалдыққаны анықтаған. Кейін белгілі болғандай, кесел тиген түліктер Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруаларға тиесілі болып шыққан. Ветеринарлық қызмет өкілдері, көрші облыстағы фермерлерге қандай да бір шара қолдануға қауқарсыз болдық, дейді. Мамандар екі-үш рет хаттама толтырып, ескерту жасаған. Бірақ шаруалар инфекция жұқтырған жануарлардың көзін жоюдың орнына, індеттің кең таралуына жол береді.

Берікжан Қайыпбай, Қостанай облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Қылмыстық іс қозғалған соң ғана  бізді қораларына кіргізді. Ол жануарлардан жақын маңдағы ауыл малдарына қауіп бар. Жайылым мен суарымға қауіп бар. Ең бастысы, адамға қауіп төніп тұр.

Ветеринар мамандардың айтуынша, індетке қатысты елді мекенде карантин енгізілмейді. Тек шектеу шаралары жүргізіледі. Оған сәйкес сарыпқа шалдыққан ірі қара түгел сойылып, ферма аумағына сырттан жем-шөп, бөгде мал әкелуге тыйым салынады. Полиция қызметкерлері фермерлердің қорасындағы түліктерді түгел тексеріп, қай  өрістен әкелгенін анықтауға кірісіпті. Арасында ұрланған мал болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені жануарлардың көбінде ветеринарлық құжат жоқ.