Русский Сайттың толық нұсқасы

Бас прокуратурада Жақып Асановтың төрағалық етуімен алқа отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2016
  • 2407

Әлемде әр 2 минут сайын 1 бала жыныстық зорлық-зомбылық көреді. Әрбір үшінші қыз 18-ге толғанша осындай қасіретке ұшырайды. Бас прокурор Жақып Асанов осындай мәлімет келтірді. Қазақстанда өткен жылы 292 бала қылмыскердің құрбаны болса, биыл бұл көрсеткіш төмендеген. Осындай қылмысы үшін 111 қылмыскер сотталды.  Балаларға қатысты зорлау фактісі дәлелденген қылмыскерлер аяусыз жазаланып келеді. 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Жазасы жеңілдетілмейді және мерзімінен бұрын босатылмайды. Әрі амнистияға жатпайды. Тиісті заңнамаға қосымша өзгерістер келесі жылы енгізілмек.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Бұл ғаламдық проблема. Онымен барлық мемлекеттер күресуде. Қазақстанда биыл 183 бала қылмыскерлердің құрбаны болды. Өткен жылдан әлдеқайда аз болса да, оны, әрине, құрғақ санмен өлшеу орынсыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді.

Бүгінде түрмелерде 1229 зорлық жасаған адам отыр. Бұл  өзге елдермен салыстырғанда аз болғанымен, қуантарлық жайт емес. Сондықтан алдын алу шаралары тек жиында айтылып қоймай, нақты істер қолға алынуы тиіс.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

20 қарашадан бастап 111 нөмірімен колл-центр өз жұмысын бастайды. Бұл телефон жедел режимде жұмыс істейді. Хабарласу тегін, 24 сағат бойы қызмет етеді. Кез келген бала хабарласқан жағдайда, шұғыл көмектесуіміз керек. Сондықтан  бірқатар министрліктермен өзара байланыс жөнінде меморандумды қарастыруымыз қажет.