Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде кешенді тестілеудің екінші кезеңі басталды

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2016
  • 2346

Елде алғаш рет кешенді тестілеудің екінші кезеңі басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті баллды жинай алмаған түлектер тамыздың 19 мен 21 аралығында тағы бір мүмкіндікті пайдалануға құқылы. Сынақтан сүрінбей өткендер Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында ақылы бөлімде оқымақ. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, бұл бәсекеде бағын сынауға ниет білдіргендердің саны 50 мыңнан асып түскен. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Дәл осындай аудиторияларда бүгін Павлодар облысының 2 мыңнан астам талапкері кешенді тестілеудің екінші кезеңінен өтті. Мамандардың айтуынша, шілдеде өткен сынақтан сүрінген оқушылар мен талапкерлерге бұл жаңадан берілген тағы бір мүмкіндік болмақ. Енді осы тестілеуден тиісті ұпайды жинағандар ЖОО түсе алатыны анық.

Өңірдегі тестілеу үш жерде жүргізілді. Екеуі облыс орталығында да, бірі Екібастұз шаһарында. Байқағанымыздай, бұл жолғы талап ҰБТ-дан кем емес. Кіре берісте металл іздегіштің көмегімен жеке-жеке тексерілді. Анықталғандай, тінту кезінде 232 тыйым салынған зат тәркіленген. Олардың қатарында ұялы телефондар, есептегіш құралы мен шпаргалкалар бар.

Сәуле Төлеубаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі:

Тестілеу нүктелерінің дайындығы жақсы. Талапкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап береді. Дау-дамай болған жоқ. Бәрі тыныш. Аудиториядағы кезекшілер де жұмысын жоғары деңгейде атқарды. Студенттердің өздері де сынаққа тиянақты әзірленгені байқалды.

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 3670 адам құжат тапсырған. Олар қайта тапсыруға мүмкіндік берілгеніне дән риза.

Айдана Әбдірайымова:

Дайындық кезінде 80-90 баллдан түспейтін едім. Бірақ менде өте көп қобалжулар болып жатыр. Қазір де біраз қобалжу болып жатыр. Бірақ мен осы тесттен жақсы нәтиже көрсетемін деген үміттемін.

Ата-аналар да қобалжулы. Бір мәрте сүрінген ұл-қызының тым болмаса ақылы бөлімге оқуға мүмкіндігі боларына үмітті.

Нұрғали Қаныбекұлы, талапкердің туысы:

Өткенде ініміз қобалжып, төмен 46 балл жинап қалған. Мына қайта тест тапсыру - бұл үлкен мүмкіндік. Барлығына рахмет, осындай жағдай жасаған, елдің, халықтың жағдайын түсінген.

Астанадағы агротехникалық университеттің алды да адамға лық толы. Бүгін мұнда да кешенді тестілеу өтіп жатыр. Байқағанымыз, сынақтан шыққандардың көңіл-күйі жақсы. Көбінің күдіктен үміттері басым.

Әділхан Еркенов:

Тесттен өту үшін екі жарым мыңдай төледім. Нақты сомасы есімде жоқ. Меніңше, жақсы тапсырып шықтым. Өйткені сынақ тапсырмалары өткен ҰБТ-дан мейлінше жеңіл болды.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, тестілеуге қатысуға 50 121 талапкерден өтініш түскен. Оның 33 мыңы қазақ тілінде де, қалғаны орыс тілінде. Сынақ төрт пән бойынша 100 тапсырмадан тұрады. Бәсекеде бағы жанғандар тамыздың аяғында ЖОО-на құжат тапсырып, студент атанбақ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Құралай ПИОНЕР