Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада үлескерлерді алдаған мердігер компаниялардың басшылары соттала бастады

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2016
  • 5922

Елордада үлескерлерді алдаған мердігер компаниялардың басшылары соттала бастады. Ішкі істер департаменті жыл басынан бері бес істі сотқа жіберген. Тағы 7 фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер істі жыл соңына дейін аяқтап, сотқа тапсырмақ. Сондықтан аталған 7 тұрғын үй кешенінің қалған үлескерлерін іздеп жатыр.

Бұл «Арыстан» көппәтерлі кешенінің үлескерлері. Қаражат құйып, панасыз қалған жүздеген инвестор құрылыстың бітуін 4 жылдан бері күтіп келеді.

Елена Чепуштанова, үлескер:

Үлескерлердің 100%  ақшаларын беріп қойған. Құрылыс тоқтап тұр. Себебін сұрасақ, әні-міне деп, бізді 4 жыл бойы алдап келеді. Осындағы 400 үлескердің 95% үй жалдап тұрады. Яғни тапқаны кредит, жалдамалы үйге кетіп жатыр.

Қазіргі кезде полицейлер құрылысы тоқтап қалған 7 тұрғын үй кешеніне қатысты іс қозғады. Оның ішінде осы "Арыстан" тұрғын үй кешені де бар.

Пәтерін күтіп шаршаған 400 үлескердің 207-сі полицияға арызданған. «Бай Тау» мен «Гранд Элит НС» үйлерінде - 34-тен, «Алға Тоқболат» құрылыс алаңында жұмыс жүрмей тұр деп, 164 адам шағым түсірген. «Sky City», «Golden Towers», «Төлендіге» ақша салғандар да пәтерлерін ала алмай жүр. Кейбірінің басшылары қамауға алына бастаған.  

«Арыстан» - 207 «Бай Тау» - 34 «Гранд Элит НС» - 34 «Алға Тоқболат» - 164 «Sky City»- 96 «Golden Towers»- 65 «Төленді»- 82

Асылжан Қалдарбеков, қалалық ІІД тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

«Зере-1», «Зере-2» тұрғын үй кешені бойынша. Бұл жерде мердігер компания «КазГас Астана НС». Бұл жердегі ЖШС басшысы Ахмедияров Данияр Қанатұлы деген азамат. Бүгінгі уақытта ол кісіге қатысты қамау шарасы қолданып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері, мен сізге айтайын, 5 қылмыстық іс осы уақытқа дейін сотқа жіберілді. Олар қазір сотта қаралып жатыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Астанада  құрылысы бітпеген 37 тұрғын үй бар. Үлескерлер саны - 9 мың. Соңғы екі жылда Әкімдік жанындағы ведомствааралық коммисия 2000 мыңнан астам үлескердің пәтерін қайтарған.

Жанасыл Шәукентаев, қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы:

Елорда аумағында осындай объектілердің пайда болуы «ҚР үлескерлік жөніндегі» заңнаманың талаптарын айналып өтіп жасасқан. Елорда халқын бұдан әрі жасасқан «инвестициялық шарт», «сатып алу шарты», «сату шарты» жасамауға шақырады. Яғни бұның өзінің кедергі келтіретін зияндары туралы айтып өтеміз.

Бір ай бұрын үлескерлер заңнамасына өзгерістер енгізілді. Күшейтілген заңда құрылыс компаниясы кепілдік беру қорына жарна жасап, онымен келісімшартқа отырады. Одан соң үй салатын тарап екінші деңгейлі банктен несие алады. Сол қаражатқа үйдің қаңқасын тұрғызу тиіс. Барлық жұмыс дұрыс деп танылғаннан кейін үлескерлер ақшасын ортаға сала алады.