Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда баукеспе ұрылар қолды қылған қаржыны қайтарып, жазадан құтылуға мүмкіндік беретін қылмыстық қор құрып алған

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2016
  • 2537

Қазақстанда баукеспе ұрылар қолды қылған қаржыны қайтарып, жазадан құтылуға мүмкіндік беретін қылмыстық қор құрып алған. Бұл туралы Мәжілісте қылмыстық-процестік заңнамасын жаңғырту тақырыбында өткен Парламенттік тыңдауда төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Төрағаның айтуынша, ұры 1 млн теңгеден аспайтын соманы қолды қылып ұсталып қалса, ол зардап шеккен адаммен бітімгерлікке келіп шығынды өтейді. Сөйтіп жазадан құтылады. Екінші рет ұсталса да, тура осы жолмен шығынды қайтарып, тағы да жауапкершіліктен аман қалады. Бастысы, ұрлаған ақшасы 1 млн теңгеден аспаса болды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мұндай схема бойынша жауапкершіліктен құтылу амалы қылмыстық бизнеске айналды. Құқық қорғау органдары өкілдерінің деректерінше, зардап шеккендердің шығынын өтейтін арнайы қылмыстық қор құрылған. Ал ұры бостандықта қалып, ұрлығын жалғастыра береді. Ұсталса да, жазадан құтылып кетеді. Осы арада ол қорға қаржы құйып үлгереді. Соның арқасында бостандықта қалады.

Ал Бас прокурор Жақып Асанов қылмыстық заңнаманың 5 олқылығын атады. Оның айтуынша, тергеуге деген шағымдар азаймай отыр. Жылына 100 мыңнан астам шағым түседі. Жазалау мен айыппұлдар салу жүйесінде де шикілік бар, - дейді прокурор. Дәлелдерді жинауда да кемшілік жоқ емес.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Үшінші басты минус - айғақтар. 2-3 адам бастығына қарсы куәлік етеді. Есесіне оларды түрмеге отырғызбайды. Басқа дәлел жоқ. Бұл айыптау үкімін шығару үшін жеткілікті ме? Өзінің бас бостандығы үшін жасалмай ма осының бәрі. Тағы бір кемшілік – зорлық-зомбылық құрбандары әлсіз болып қалды. Олар енді өздері айғақ жинап, жәбір көргенін сотта өздері дәлелдеуі керек. Полиция шетке қарай ығысты. 2014 жылы отбасында зорлық көрсеткен алты мың адам жауапқа тартылса, былтыр көрсеткіш он есе аз болды.

Ал бас полицей қылмыстық заңнамалардың олқылығын мойындады. Және заңның екі жылдан бері дұрыс жұмыс істемей келе жатқанына Бас прокуратураны айыптады.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Көптеген заңдарды шетелден көшірдік. Негізінен Германиянікін алдық. Қазір тағы бір топ Германияға жол тартады. Ол жақта құқық қорғау органдарының құрылымы мүлдем басқа. Сондықтан 100 пайыз көшіруге болмайды. Көшірумен заң жобасын дайындағандар айналысты. Ол  - Бас прокуратура. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ