Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде Согрин жылу электр орталығында апатты жағдай орын алды

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2016
  • 2772

Түнде Өскемендегі Согрин ЖЭО-да апатты жағдай болды. Ыстық суға толы жылу қазандықтарының бірінде тесік пайда болған. Шұғыл түрде қазандық істен ажыратылды. Согра мөлтекауданында жылу беру 105-тен  65 градусқа  дейін төмендеді.

Қазір жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар дүйсенбіге қарай толықтай қалпына келтіреміз деп отыр. Қазір ыстық су беру үшін шұғыл түрде тағы бір қазандық іске қосылған. Оны іске қосу негізі 23 қарашаға жоспарланған. Қазандықты қыздыруға 6 сағаттан астам уақыт қажет. Жергілікті билік өкілдері бүгін түннен қалмай жылу мен ыстық су температуралық режимге көшеді деп сендірді.

Ерлан Аймұқашев, Өскемен қаласының әкімі:

Жөндеу жұмыстарын жылдамдату үшін барлық қызметтің мамандары жұмылдырылды. Жоспарлағандай, бүгін кешкі сағат 8 бен 9 аралығында қазандықты жылытып, Согра мөлтекауданында жылу беруді бастаймыз. Температура 105 градусқа дейін болу керек.

Сақылдаған сары аяз қалалық жолаушылар тасымалының жұмысын да баяулатты. Бүгін Өскемендегі 310 қоғамдық көліктің 100-і жұмысқа шықпады. Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі басшылары: "оған жанар-жағармайдың қатып қалғаны себеп болғанын" айтты. Қысқы жанармайдың бағасы шарықтап кеткендіктен, жазғы жанармай аязға шыдас бермей отырғанын жеткізді.

Асқар Жақсалықов, Өскемен қ. ТҮКШ  бөлімінің басшысы:

Қаладағы жанар-жағармай бекеттерін қарап өттім, қысты жанармай бағасы 179 теңге, ал жазғысы - 128, кейбір жерде - 145 теңге.  Әрине, бұл өте қымбат. Біз қоспалар қолданыңдар,-дейміз. Бірақ автобус күні бойы аязда жүргендіктен, пайдасы аз. Жылынып ап, әрі қарай жұмыс істеу керек.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ