Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәрім Мәсімов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2016
  • 2796

Әлемдік нарықта Қазақстанның химия өнімдеріне деген сұраныс азайған. Бұл жайында бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында ірі химия өнеркәсібінің басшылары айтты. Қазіргі таңда компаниялар химиялық өнімдерді Ресей, Қытай, Украина, Грузия, Түркіменстан мен Эстонияға экспорттайды. Химия өнеркәсібінің тізгінін ұстағандар алға жылжу үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет, - дейді. Олардың айтуларынша, салық төлемдерін азайтып, субсидияны арттыру керек. "Түсетін пайданың жартысы ток көздерін тұтынуға кетеді", - дейді «Қазфосфат» серіктесігінің бас директоры. Премьер-министр аталған мәселелерге орай жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар атқарған шаралардың қорытындысына байланысты қазан айының басында Үкіметте арнайы жиын өтетінін мәлімдеді.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Бұрын Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарымда тұрғындар тарапынан «Қалай күн көреміз?» деген проблемалық сұрақ туатын. Енді «Қалай дамимыз?»  деген сұрақ төңірегінде мәселе көтердіңіздер. Мені осы жағы қатты қуантып отыр. Жамбыл облысында химиялық кластер құру жобасы жолға қойылып келеді. Мен барлық ұсыныс-пікірлеріңізді Елбасына жеткізем. Сосын қазан айындағы Үкімет отырысында талқылайтын боламыз.

Кәрім Мәсімов Жуалы ауданындағы «Бурный Solar» күн электр станциясына барды. Онда 192 мың күн панелі орнатылған, нысанның жылына 73 млн киловатт-сағат энергия өндіру мүмкіндігі бар. Үкімет басшысы 2020 жылға дейін өңірде «жасыл» энергетикадан алатын қуаттың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Сонымен қатар, Премьер-министр Жамбыл облысы еліміз бойынша баламалы энергия көзін пайдалануда көш бастап тұрған аймақ екенін айтты. Дегенмен, "жасыл" энергияны өндіру ісі жолға қойылған өңірде тұрғындар электр энергиясының 70 пайызын сырттан алады. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ