Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алғабас-6» шағынауданындағы үйлерді қалпына келтіру аяқталып келеді

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2016
  • 3098

Бір жағына қарай қисайған көп қабатты үйлерді бұзбай-ақ, қайта қалпына келтіру ісі ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Әңгіме Алматыдағы «Алғабас-6» шағынауданы жайлы. Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми зерттеу институты мұндағы 7 үйді беріктендіруге ғылыми негіздеме жасап берген. Қыркүйек айында басталған жұмыстардың нәтижесінде 2 көпқабатты үй бастапқы қалпына келтіріліп, тұрғындар қайта қоныстанған. Тағы бір үйді қалпына келтіруге мамандар  күш салуда.

Фаиза Қаденқызы жаздан бері пәтеріне сан мәрте келіп, оның әлі сол қалпында тұрғанына көз жеткізген. Бүгін де үйін бір көріп кетуге келіпті. Алайда құрылысшылар оны ішке кіргізбеді. Бастапқы қалпынан ауытқыған көпқабатты үйде беріктендіру жұмыстары жүріп жатыр.

Фаиза Қаденқызы, №6 Алғабас шағынауданы тұрғыны:

Өзіңіз біліңіз деді. Жаңа үйге кіремін десеңіз, жаңа үйге деді. Ал мына ескі үйіміз қауіпсіз болса, осында қоныстансаңдар болады деді. Істеп жатыр. Қазір олар тәуелсіздіктің 25 жылдығына береміз  деп уәде берді.

Ал Жәнібек Оразбаев - №148 үйдің тұрғыны. Маусым айында жауған қатты жауыннан соң оның отбасы тұратын  көпқабатты үй еңкейіп қалған еді. Мамандардың есебінше, баспана 37 сантиметрге қисайған. Алайда соңғы үш айда үй бұрынғы қалпына келтіріліп, тұрғындар қайта қоныстаныпты.

Жәнібек Оразбаев, №6 Алғабас шағынауданы тұрғыны:

Былай түзелген сияқты. Бірақ бізге қорытынды қағаздарды әкелген жоқ. Біреу де келмеді. Қазір мына "Астана строй инвест" адамдары жүр. Не істеп жүргенін білмеймін. Артының бәрін қазып тастады. Қалай болды, солай жатыр.

Қалалық әкімдік өкілдері қисайып қалған үйлердің сүрілмейтінін мәлімдеген еді. Оларды қайта беріктендіру жұмыстарына Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми зерттеу институты тартылған. Қала билігі институтқа «Алғабас» шағынауданындағы 7 үйді беріктендіруге тапсырыс беріпті. Бүгінде мердігер «Гидроспецстрой» кәсіпорны айналдыра діңгектер құю арқылы ғимараттарды бастапқы қалпына келтіріп жатыр. Діңгектер  25-30 метр тереңдікке құйылуда, ал диаметрі 60 сантиметр.

Ералы Шоқпаров, Қазақ сәулет және құрылыс жобалау ҒЗИ орталық директоры:

Үйдің іргетасының астындағы топырақ ары қарай кетпес үшін, екінші сатыда мына отырған жағының қарама-қарсы жағына су жіберіп, анау астындағы топырақты ылғалдап, үй артқа отырғызылды. Яғни үшінші этап бойынша 600 мм құбырмен бұрғылап, арматурадан жасалған каркастар салынып бетон құйылды.

Бұл әдіс сейсмологиялық тұрғыдан қауіпсіз саналады. Әрі іргетастың астына судың көп кетуінен сақтайды. Қазір осындай жолмен екі баспана, яғни №148 және 177 үйлер жөнделіп, тұрғындар қайта қоныстанған. Ал №136 үй сол бұрынғы қалпында тұр.

Ришат асқарбекұлы, тілші:

Күннің суығына қарамай, қазір ғимараттарға беріктендіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шілде айында нақты осы №136 үй де біршама қисайып кеткен еді. Құрылысшылар болса, тұрғындар жаңа жылға дейін өз баспаналарына орналасып үлгереді деп отыр. 

Айта кетейік, жазда «Алғабас-6» шағын ауданында тоғыз қабатты бірнеше үй апатты деп танылған болатын. Баспаналардың сапасын тексерген Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты 20-дан астам үйді тексеріп, оларды беріктендіру қажеттігін айтқан. Құрылыс компаниясы мен әкімдік 200 отбасына уақытша баспана тауып берді. Жергілікті билік оларға 16 желтоқсанға дейін жаңа баспана салып беруге уәде берген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ